Malim.kz
Қоғам

Қостанай тұрғыны 9 күн «қайтыс болғандар» қатарында есепте тұрған

Арман Қайыпхан
Фото: egov.kz

Қостанайда жергілікті тұрғын Владимир Шремф деректер базасындағы техникалық қате салдарынан тоғыз күн бойы ресми түрде қайтыс болғандар қатарында есепте тұрған, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл жағдай оның құжаттарын пайдалануына және жұмыс істеуіне кедергі келтірген.

оқиға ер адамның Аулиекөл аудандық ауруханасына қарасты емханаға барғаннан кейін болған. Ол анасының қайтыс болғаны туралы анықтаманы ұсынған, алайда қызметкер қателесіп, жүйеге өтініш берушінің өз деректерін енгізіп жіберген.

Ер адам мемлекеттік базаларда қайтыс болған ретінде тіркелгенін 2 сәуірде, ЭЦҚ мен ЖСН пайдалану кезінде қиындықтарға тап болғанда білген. Медициналық мекемеге жүгінгеніне қарамастан, қате дер кезінде түзетілмеген — ақпарат тек 6 сәуірде облыстық денсаулық сақтау басқармасына жеткен.

Осылайша Владимир Шремф бірнеше күн бойы «жүйеден тыс» қалып, жұмыс істеуге, көлік жүргізуге және ресми құжаттарды пайдалануға мүмкіндігі болмаған.

Жағдай адвокаттың араласуынан кейін шешілді. Ол тіркеуші органдар мен АХАТ бөліміне шағым түсірген. Тоғыз күннен кейін жазба жойылып, ер адамның мәртебесі құжаттарды қайта рәсімдеусіз қалпына келтірілді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары