Malim.kz
Қоғам

"Құдалар күшті сырға әкеледі деп үміттенемін": Тұрсынбек Қабатовтың қызы қуанышты жаңалығын айтты

Мадияр Қапанбек
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы осы уақытқа дейін құлағын тестірмегенін айтып, оның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның сөзінше, бұл шешімге әкесінің бала кезінде айтқан әңгімесі әсер еткен. Тұрсынбек Қабатов қызына қазақтың "сырға салу" дәстүрінің мәнін түсіндіріп, құлағын болашақ құдалар сырға таққан кезде ғана тестіруді ұсынған.

"Менің әлі күнге дейін құлағым тесілмеген. Кішкентай кезімде папа келіп түсіндірген болатын қазақтарда "сырға салу" деген дәстүр бар екенін. Ертеде құдалар келіп, енді бұл біздің қыз деген ниетпен сырға салу дәстүрін жасап кеткен. Кішкентай кезінен бастап қызға сырға салу жасап, атастырып қоятын да болған", – деді ол.

Әзілкештің қызы бүгінде бұл дәстүрдің заманға сай жалғасып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, болашақта сырға салу рәсімі өткен күні өмірінде алғаш рет сырға тақпақ.

"Өзіме де қызық болып тұр, себебі өмірімде бірінші рет сол күні сырға тағатын боламын. Басында медициналық сырға тағамын. Бірақ кейін оны ауыстыруға болады. Құдалар жағы күшті сырға алып келеді деп үміттенемін", – деді Тұрсынбек Қабатовтың қызы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Әдемі Тұрсынбекқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа көлігін көрсеткен еді.

Тұрсынбек Қабатов кім?

Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – қазақстандық әзілкеш, актер, КВН ойыншысы және сатира жанрында кеңінен танылған өнер иесі. Ол 1979 жылғы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген.

Тұрсынбек Қабатов көпшілікке қазақы қалжыңды шебер жеткізуі, өткір әзілдері және сахнадағы еркін мінезімен танылды. Оның шығармашылығында күнделікті тұрмыс, қоғамдағы түрлі құбылыстар мен ұлттық мінез ерекшеліктері жиі әзілге арқау болады. Өнер жолын ол 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. Кейін Көңілді тапқырлар клубына араласып, кәсіби әзіл саласындағы тәжірибесін шыңдады.

Студенттік жылдары "Аграрка сарбаздары", "Астана.kz" және "Казахи" командаларының құрамында өнер көрсетті. Әсіресе "Казахи" командасындағы ойыны оның Қазақстаннан тыс жерлерге де танылуына ықпал етті. 2010 жылы командасымен бірге Халықаралық КВН одағының Жоғарғы лигасында вице-чемпион атанды. Осы кезеңде ол КВН сахнасындағы танымал қазақстандық әзілкештердің біріне айналды.

Тұрсынбек Қабатов кейін жеке шығармашылыққа ден қойып, Астана мен Алматыда үлкен концерттер ұйымдастырды. Телевизиялық бағдарламалар мен түрлі әзіл-сықақ жобаларына да тұрақты түрде қатысты. Ол шығармашылық қызметін тек сахнамен шектемей, театр және продюсерлік бағытта да жалғастырды. "Базар жоқ" театрын құрып, әзіл өнеріндегі жаңа жобаларды жүзеге асырды. Сонымен қатар Тұрсынбек Қабатов бір кезеңде «Әзіл әлемі» театрының шығармашылық жұмысына да араласты. Оның сахналық жобалары қазақ тіліндегі әзіл-сықақ жанрының танымалдығын арттыруға ықпал етті.

Өнердегі еңбегі бірнеше марапатпен бағаланды. 2014 жылы оған "Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі" атағы берілді. Сондай-ақ Казталов ауданының құрметті азаматы атанды. 2015 жылы Тұрсынбек Қабатовқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Бүгінде ол қазақ әзіл-оспақ өнерінде өзіндік стилі қалыптасқан, қоғамдағы түрлі тақырыптарды юмор арқылы жеткізетін танымал сахнагерлердің бірі саналады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары