Malim.kz
Қоғам

"Құтты болсын": Төреғали Төреәлінің қарындасы отбасындағы қуанышты жаңалықты айтты

Мадияр Қапанбек
Төреғали Төреәлі мен Фариза Төреәлі. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза Төреәлі анасы Аягөз Қосбатырқызының туған күніне орай әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол анасының отбасы үшін орны ерекше екенін айтып, бала күнінен көрген мейірімі мен қамқорлығын еске алды.

"Анашым дегенде жүрегім елжіреп, дүниенің бар жақсысын алдына жиып бергім келеді. Жүзіндегі күлкісі, қуанышы үшін бәрін жасауға даяр тұрамын. Себебі ана – соның бәріне лайықты", – деп жазды Фариза Төреәлі.

Оның сөзінше, анасы бар ғұмырын балалары мен отбасына арнап, әулеттің берекесін сақтап отырған жан. Фариза бүгінде өзі де ана атанғаннан кейін ана махаббатының мәнін тереңірек түсіне бастағанын жеткізді. Ол кейде қызын еркелетіп отырып, өзінің де кезінде анасының құшағындағы кішкентай қыз болғанын ойлайтынын жазды.

"Анашым, сіздің қызыңыз болғанымды әрдайым мақтан тұтамын. Әр балаңыздың әр жетістігінің артында – сіз барсыз", – деді ол.

Сондай-ақ Фариза анасына ұзақ ғұмыр тілеп, әкесімен бірге немерелерінің қызығын көріп, бала-шағаның ортасында бақытты өмір сүруін тіледі.

"Сіз бар үйге әлі күнге дейін қыз болып бара алатыным – өмірімдегі ең тәтті бақытымның бірі", – деп түйіндеді ол.

Фариза Төреәлі жазбасында анасына деген ризашылығы мен махаббатын білдіріп, туған күнімен құттықтады.

Еске сала кетейік, Төреғали Төреәлінің жары Толқын Тұрарбекқызы әлеуметтік желіде отбасындағы қуанышты жаңалығын бөліскен еді.

Төреғали Төреәлі кім: өмірбаяны мен өнердегі жолы

Төреғали Төреәлі – қазақстандық әнші, актер, көпшілікке "Ұлы дала баласы" деген атпен танылған өнер иесі. Оның толық аты-жөні – Төреғали Төреәліұлы Әлиханов.

Әнші 1992 жылғы 14 қазанда Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге жақын болған ол сахнаға ерте араласты.

2009 жылы Юрий Гагарин атындағы №8 мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алған.

Төреғали Төреәлі шығармашылық жолын айтыс сахнасынан бастады. Ол республикалық деңгейдегі айтыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Алғашында жас ақын ретінде танылған өнер иесі кейін эстрадаға бет бұрып, әншілік мансабын дамытты.

Төреғалидің кең аудиторияға танылуына "Іздеме" әні айрықша ықпал етті. Туындының сөзін Қайнар Алагөзов жазған, ал әнін Шымберген Сүлейменов шығарған. Кейін Қайнар Алагөзов әншінің репертуарындағы бірқатар туындының мәтінін жазды.

Төреғали Төреәлінің продюсері – әкесі Төреәлі Төлепов. Анасы Аягөз Төлепова орыс тілі пәнінің мұғалімі болған. Әншінің Фариза және Дина есімді екі қарындасы бар.

Өнер иесі отбасылы, бірнеше баланың әкесі.

Төреғали Төреәлінің Ерке Есмаханмен бірге орындаған "Алло" әні де тыңдарман арасында кең таралып, қос әншінің танымалдығын арттырды.

Бүгінде Төреғали Төреәлі қазақ эстрадасындағы танымал орындаушылардың бірі ретінде шығармашылық қызметін жалғастырып келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары