Елорда журналистері бүгін «Астана Тазалық» кәсіпорнының қысқы маусымға дайындығымен танысты. Қар қалың түсіп, желі қатты соғатын елорда қысында коммуналдық қызметтің жұмысы күрделене түсетіні белгілі. Компания осы маусымға қандай дайындықпен отырғанын көрсетті.
Коммуналдық қызметке жүктелетін міндет күшейді
Пресс-тур барысында бас директор Замир Сағинов қала тазалығын қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлердің еңбегіне ерекше тоқталды:
«Қаланы таңмен бірге оятып, қыстың қиындықтарына төтеп беретін – осы еңбек адамдары»,
– деп атап өтті ол.
Компания дерегінше, биылғы қыста тазалау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Күн сайын:
- 700 жол жұмысшысы,
- 408 арнайы техника
қала көшелерін қардан тазалап, ауа райына жедел әрекет ету үшін дайын тұрады.
Қоймаларда қажетті материалдар жеткілікті көлемде сақталған:
- 1 200 м³ құм,
- 4 400 тонна көктайғаққа қарсы қоспа,
- 1 000 тонна реагент.
Сондай-ақ, қаланың әр ауданында орналасқан үш сұйық реагент құю бекеті техникалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Жаңа цифрлық жүйелер: техника қозғалысы толық бақылауда
Кәсіпорын цифрландыру бағытында да жаңа шешімдер енгізген. Электрондық жол парағы жүйесі:
- техниканың нақты уақытта қай жерде жүргенін,
- маршрутты,
- себілген реагент көлемін,
- жұмыс басталған уақытты
автомат түрде көрсетеді.
Бұл жүйе 393 арнайы техникаға енгізіліп, жанар-жағармай шығынын, есептілікті және маршруттық жоспарлауды айтарлықтай оңтайландырған.
Тағы бір жаңашылдық – жүргізушінің шаршауын бақылау жүйесі. Камера кабинаның ішіндегі:
- қауіпсіздік белдігін тақпау,
- маршруттан ауытқу,
- ұйықтап кету
сияқты келеңсіздіктерді анықтап, дереу сигнал береді.
Жұмысшыларға арналған жаңа демалыс бөлмелері
Былтыр жол қызметкерлеріне арналған тұрмыстық және демалыс бөлмелері толық жөнделді. Астана әкімдігінің қолдауымен Есіл және Нұра аудандарында орналасқан 10 бөлме жаңартылып, 200-ден астам қызметкерге қолайлы жағдай жасалды.
Бұрын жертөледе орналасқан тар бөлмелер пайдаланылса, енді жұмысшылар:
- жылы,
- кең,
- заманауи жабдықталған
бөлмелерде демалып, келесі ауысымға дайындала алады.
Қызметкерлерге әлеуметтік қолдау: пәтер мен жатақхана
Әлеуметтік қолдау аясында кәсіпорын:
- 10 қызметтік пәтер,
- 80 орындық жатақхана
пайдалануға берді. Қазірдің өзінде жеті қызметкер жаңа баспананың кілтін алып үлгерді.
Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі — бес жылдан астам уақыт бойы кәсіпорында еңбек етіп келе жатқан жүргізуші Бақытжан Абдуалиев. Оның ұлы мен бауыры да «Астана Тазалық» құрамында жұмыс істейді екен.
Сонымен қатар, жас мамандарға қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, бір жылдан астам уақыт бұрын жұмысқа қабылданған жас жүргізуші Еркін Қадырбай пәтерлі болды.
«Қалаға деген қамқорлық ең алдымен осы істі күндіз-түні атқарып жүрген адамдарға жасалған қамқорлықтан басталады», –
деп атап өтті Замир Сағинов.