Ресей тұрғындарын Украинаға қарсы соғысқа тарту барған сайын айлакер тәсілдермен жүргізілуде. Ресей азаматтарын майданға шақырудың жаңа әдістеріне «Верстка» басылымы 2 маусым күні жариялаған мақаласында назар аударды. Басылым Ресейдегі «Авито» сервисінде Беларусь пен Қытайдағы «арнайы әскери операцияның тылында қызмет ету» үшін келісімшартқа отыруды ұсынатын хабарландыруларды анықтаған.
«Ешқандай “ыстық нүктелерге” немесе ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтарға іссапарлар болмайды. Неліктен Беларусь? Мұнда жағдай тұрақты, инфрақұрылым дамыған және көптеген азаматтар үшін үйге жақын орналасқан. Қызмет одақтас мемлекет аумағында өтеді және Ресей Қорғаныс министрлігі қарастыратын барлық кепілдіктер мен төлемдер сақталады», – делінген осындай хабарландырулардың бірінде.
«Верстка» басылымының есебінше, 2026 жылдың мамыр айында келісімшарт бойынша әскерге қабылдау қарқынының төмендеуі жағдайында «Авито» платформасында шамамен 50 осындай «бос жұмыс орны» жарияланған. Оларды өздерін «Военная Доблесть», «Путь к Победе», «Рубеж – Родины СВО», «Служба с достоинством», «Верный путь» және «Армейский путь» деп атайтын ұйымдар орналастырған. Басылым мәліметінше, олардың барлығы бұл платформада 2025 жылдың наурызы мен желтоқсаны аралығында тіркелген.
Мазмұны мен безендірілуі бір-біріне өте ұқсас бұл хабарландыруларда кез келген елдің азаматтары жұмысқа шақырылады. Олардың қатарында 45 жастан асқан адамдар, зейнеткерлер, денсаулығында ақауы бар азаматтар, әскери билеті жоқтар, әскери тәжірибесі жоқтар, сондай-ақ соттылығы жойылған немесе шартты жаза алған адамдар да бар. Негізінен оларға Беларусь аумағындағы «тыл қоймаларын күзету», Қытайдағы «оқ-дәрі өндірісінде жұмыс істеу», сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастырушы, техник және сынақтан өткізуші қызметтері ұсынылады.
Мұндай «жұмыс» үшін айына 230–260 мың рубль көлемінде жалақы ұсынылады. Бұдан бөлек, жұмысқа орналасқаны үшін біржолғы төлем ретінде 2,3 миллионнан 3,1 миллион рубльге дейін қаражат, сондай-ақ шарттары нақты көрсетілмеген 10 миллион рубль көлеміндегі көтермеақы, дәл осындай сомаға дейінгі қарыздарды есептен шығару және отбасы мүшелеріне арналған жеңілдіктер уәде етіледі. Сонымен қатар қызмет орнына дейінгі жол ақысы, казармадағы тұру, тамақтану және қажетті жабдықтар жұмыс беруші есебінен қамтамасыз етіледі.
The Moscow Times басылымының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Ресей Қарулы күштері қатарына келісімшарт бойынша немесе ерікті ретінде шамамен 70,5 мың адам қабылданған. Күн сайын орта есеппен 800 адам әскер қатарына қосылған, бұл – 2024 жылдың бірінші тоқсанынан бергі ең төмен көрсеткіш. 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қабылдау қарқыны 20 пайызға, ал өткен жылдың соңғы айларымен салыстырғанда 40 пайыздан астамға төмендеген.
Бұған дейін DW басылымы Ресейдегі әскери комиссариаттардың әскери міндетті жастағы және запастағы ер адамдарға жаппай хат жолдап жатқанын жазған болатын. Онда азаматтардан шақыру қағазын алу, нұсқама алу, деректерді нақтылау немесе шақыру қағазын жабу үшін әскери комиссариатқа келу талап етіледі. Бұл белсенділіктің артқанын Google мен «Яндекс» жүйелеріндегі іздеу сұраныстарының көбеюі де жанама түрде көрсетеді. Ресейліктер мобилизациялық нұсқама туралы ақпаратты жиі іздей бастаған. Бұл – әскери билетке қоса берілетін құжат, ол соғыс немесе мобилизация жағдайында әскери міндетті азаматты нақты бір әскери бөлімге бекітеді.
Мұндай құжат иесін қосымша шақыру қағазын күтпестен өздігінен жинақтау пунктіне келуге міндеттейді. Егер адам деректерді нақтылау үшін келмесе, оған бірқатар шектеулер қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда, елден шығуға, көлік жүргізуге, жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелуге, несие рәсімдеуге, көлік құралдары мен жылжымайтын мүлікті тіркеуге тыйым салынуы ықтимал. Бұл шектеулер әскери комиссариатқа келгенге немесе келмеудің дәлелді себебін растағанға дейін күшінде болады.
Ресейде мобилизациялық шаралар күшейтілуі мүмкін деген алаңдаушылықты бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский де білдірген. Оның айтуынша, Кремль Украинадағы соғыстағы Ресей армиясының ауыр шығындарының орнын толтыруға және «оккупациялық контингенттің» санын арттыруға ұмтылады. Ресми түрде Ресейде мәжбүрлі мобилизация 2022 жылдың қарашасынан бері жүргізілмейді. Алайда құқық қорғаушылар азаматтарды әскерге тарту науқанының қарқынды түрде жалғасып жатқанын айтады. Олардың пікірінше, әскери комиссариатқа өз еркімен келген азаматтар дәл осы үгіт-насихат пен келісімшартқа тарту жұмыстарының нысанасына айналуы мүмкін. Сондықтан құқық қорғаушылар мүмкіндігінше әскери комиссариатпен қашықтан байланыс орнатуды және жақын адамға сенімхат рәсімдеуді ұсынады.