Ресей Жоғарғы соты «Яблоко» партиясын Мемлекеттік дума сайлауынан шеттету туралы шешімді күшінде қалдырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сот партия заңгерлерінің қосымша материалдарды іске тіркеу туралы өтініштерінің барлығын қабылдамай, шағымды қанағаттандырмады.
Шешімді Бас прокуратура мен Орталық сайлау комиссиясының өкілдері қолдады. Айта кетейік, ОСК «Яблоконың» сайлау тізімін осыдан үш аптаға жетер-жетпес уақыт бұрын тіркеген.
Партия мәліметінше, дүйсенбі күні Жоғарғы сот ғимаратының маңында кемінде 60 адам ұсталған. Сот отырысында «Яблоко» жетекшісі Николай Рыбаков партия жақтастарын қорқытуды тоқтатуға шақырды.
Оның айтуынша, алдыңғы сот отырысына келген азаматтарға кейін бір апта бойы полиция қызметкерлері барған.
Жоғарғы сот 10 тамызда «Родина» партиясының талап-арызы негізінде «Яблоконы» сайлаудан шеттету туралы шешім шығарған. Бұған дейін шетелдегі ресейлік оппозиция өкілдері «Яблоконы» қолдаған еді.
Сот шешіміне 16 900 рубль көлеміндегі шетелдік қаржыландыру көздерінен түскен қайырымдылық қаражаты, бұғатталған әлеуметтік желілердегі партияны қолдайтын жарияланымдар және үгіт материалдарында авторлық құқықтың бұзылуы негіз болған.
Атап айтқанда, партияның үгіт материалдарында «Пусть всегда будет солнце» және «Лишь бы не было войны» әндерінің жолдары, сондай-ақ ChatGPT көмегімен жасалған суреттер қолданылғаны айтылды.
«Яблоко» өкілдері партияның сайлаудан шеттетілуінің шынайы себебі оның «Бейбітшілік пен бостандық үшін!» атты соғысқа қарсы сайлауалды бағдарламасы деп санайды.