Ресей Мемлекеттік думасына жемқорлық жасаған шенеуніктерге өлім жазасын енгізуді көздейтін заң жобасы ұсынылды. Бұл туралы RTVI басылымына «Әділетті Ресей» партиясының жетекшісі Сергей Миронов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, егер лауазымды тұлғаның пайдакүнемдік мақсатта жасаған әрекеті азаматтардың қауіпсіздігі мен елдің қорғаныс қабілетіне тікелей зиян келтірсе, бұл заңнамадағы олқылықты көрсетеді.
Миронов мұндай қылмыстарды тыңшылық пен мемлекеттік опасыздыққа теңестіріп, ең ауыр жаза – өлім жазасын қолдану қажет деп санайды.
Осыған байланысты Ресейдің Қылмыстық кодексіне «елдің қорғаныс қабілеті мен азаматтардың қауіпсіздігіне зиян келтірген сыбайлас жемқорлық қызметі» деген жаңа қылмыс түрін енгізу ұсынылып отыр.
Айта кетейік, Ресейде өлім жазасы заң жүзінде сақталғанымен, оған 1997 жылдан бері мерзімсіз мораторий жарияланғандықтан, іс жүзінде қолданылмайды.
Ресейде өлім жазасына кесілген соңғы адам – «Фишер» лақап атымен белгілі сериялық кісі өлтіруші Сергей Головкин. Ол 1996 жылы атылған.
Сонымен қатар, ASTRA Telegram-арнасының мәліметінше, ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев өлім жазасын қайта енгізуге шақырған. Бұған дейін, 2024 жылы Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин де өлім жазасын қалпына келтіруді ұсынған болатын.