Қазақстандық «Руың кім» комедиясы жарық көргеніне бір апта өтпей жатып, елдегі барлық кинотеатрдан алып тасталды. Бұл туралы картинаны түсірген Tiger Films продюсерлік орталығы ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Malim.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
«18 желтоқсаннан бастап “Руың кім” фильмі еліміздің кинотеатрларында көрсетілмейді. Көрермендерге қолдау білдіргені үшін алғыс айтамыз», – деп жазылған компанияның мәлімдемесінде.
Фильмнің басты кейіпкері Қайрат Әділгерейдің айтуынша, картинаның көрсетілімін тоқтатуға рулық араздық тудыруы мүмкін деген пікірлер әсер еткен.
«Кейбір адам тизерге қарап, фильмнің мағынасын бұрмалап қабылдап жатыр. Негізінде бұл туынды руға бөлінуді емес, бірлікті дәріптейтін комедия. Фильмді соңына дейін көрмей, оның астарлы ойын түсіну қиын», – деді актер әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде.
10 желтоқсанда прокатқа шыққан картина қысқа мерзім ішінде үлкен қызығушылық тудырып, бір аптада 208 миллион теңгеден астам табыс жинаған.
Комедияны Tiger Films түсірген. Бас продюсері – Ерлан Бұхарбаев, сценарий авторлары – Нұржан Еркінұлы мен Жалғас Елеусінов, режиссері – Жұмақан Асет.
Айта кетейік, бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров қоғамда рушылдық пен жікшілдік белгілерінің күшеюі ұлттық бірлік пен мемлекеттілікке қауіп төндіретінін айтып, премьер-министр Олжас Бектеновке ресми депутаттық сауал жолдады.
«Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатылымға шығарып жатыр. Әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті», – дейді Ерлан Саиров.
Депутаттың айтуынша, бұл қауіпті тенденция кино саласына да жеткен. Оның сөзінше, соңғы уақытта рушылдықты қозғайтын, қазақ руларын салыстырып, кемсітетін мазмұндағы арнайы фильм прокатқа шыққан.
«Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық?» – деп қатаң сын айтты депутат.
Ол мұндай әрекеттердің ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты әдейі айқайлатып, әлеуметтік контент пен кино тақырыбына айналдыру арқылы көрермен жинауға бағытталғанын атап өтті.