Malim.kz
Қоғам

"Сәби сүйіп, нәрестелі болу": Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі қуанышты жаңалығын айтты

• Мадияр Қапанбек
Дархан Мұсаев. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Танымал актриса Дариға Бадықованың бұрынғы жұбайы, актер Дархан Мұсаев жеке өміріндегі өзгерістер туралы айтты. Өнер иесі қайта шаңырақ көтергенін айтып, ендігі арманы әке атану екенін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Актер әлеуметтік желідегі парақшасында бір жыл бұрынғы армандарын еске алып, осы уақыт аралығында өмірінде болған маңызды өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, былтыр журналист Нұрсейіт Жылқышыбай айтқан тілектердің біразы бүгінде орындалып жатыр.

"Шаңырақ көтердім, енді нәрестелі болғымыз келеді"

Дархан Мұсаев шығармашылық жұмыстары мен жеке өміріндегі жаңалықтарды бөліскен.

"Осыдан тура бір жыл бұрын Нұрсейіт Жылқышыбай бауырым бір тілек айтып еді. Шүкір, уақыт өте келе сол тілектердің біртіндеп орындалып жатқанын көріп жүрміз", – деп жазды актер.

Ол жақында түсірілген фильмнің монтаж жұмыстары аяқталғанын және картинаны еліміздің кинотеатрларына шығару үшін дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар актер отбасылық өміріне қатысты да ойын ашық жеткізді.

"Аллаға шүкір, шаңырақ көтердім. Ендігі арманымыз – нәрестелі болып, сәбидің тәтті күлкісін есту. Сол күнге де амандықпен жетсек, тіпті керемет болар еді", – деді ол.

"Бәрі де өз уақытымен болсын"

Өнер иесі өткен бір жылға көз жүгіртіп, өмірінде болған өзгерістер үшін шүкіршілік ететінін айтты.

"Кейде бір жыл бұрынғы армандарыңа бүгінгі күніңнен қарап, Аллаға шүкір айтасың. Әлі де орындалмаған талай тілек бар. Бәрі де өз уақытымен, қайырлысымен болсын!" – деп жазды Дархан Мұсаев.

Актердің бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Оқырмандар оған жылы лебіздерін білдіріп, отбасылық өміріне бақыт тіледі.

"Бақытты болыңыздар", "Ұлды, қызды болыңыз", "Жарыңыз егіз ұл тапсын", "Өміріңіз осылай өзгергеніне қуаныңыз" деп жазды желі қолданушылары.

Еске сала кетейік, Дархан Мұсаев тікелей эфирде алдын ала белгілеген жоспарын өзгертуге мәжбүр болғанын айтқан еді.

Дархан Мұсаев кім?

Дархан Мұсаев – қазақстандық театр және кино актері, продюсер. Ол көрерменге "Күйеу бала" телехикаясы арқылы таныс. Аталған жобада актриса Дариға Бадықовамен бірге ерлі-зайыптылардың рөлін сомдаған.

Мұсаевтың шығармашылық жолы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен де байланысты. Ол "Дон Сезар де Базан" қойылымында Капитан рөлін орындаған. Кейінгі жылдары актер кино өндірісіне ден қойып, продюсерлік бағытта жұмыс істей бастады.

Дархан Мұсаев көпшілікке актриса Дариға Бадықованың бұрынғы жұбайы ретінде де белгілі. Оның айтуынша, екеуі 2008 жылғы 11 тамызда шаңырақ көтеріп, 16 жыл бірге тұрған. 2024 жылдың күзінде ажырасқан. Ал 2026 жылғы қазанда актер қайта некеге тұрғанын жариялады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары