Белгілі әзілкеш, "Шаншар" театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов AIRAN бағдарламасына берген сұхбатында театрдың қазіргі жағдайы мен болашағына қатысты ойын ортаға салды, деп хабарлайды Malim.kz.
Халықтың сүйікті ұжымына айналған "Шаншар" театры соңғы жылдары жаңа буын актерлерінің азаюына байланысты қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанын әзілкеш жасырмады. Жүргізуші қойған "Театр жабылып қалуы мүмкін бе?" деген сұраққа ол ашық жауап берді.
"Иә, егер жастар келмесе, жабылуы мүмкін. Біз жиырма жылдықта қояйық деп ойлағанбыз. Жиырма бес жылдықты да өткіздік. Ширек ғасырды аттайық, сосын қоямыз-ау дедік. Отыз жылдыққа да келдік. Сонда менің сахнада айтқан сөзім: "Қояйық деп жүрміз, бірақ мына сіздер қойдыра алмай жатырсыздар. Мына келгендеріңіз үшін қоя алмай жатырмыз". Ал енді ол сиреп кетсе неге қоймайсың?" – деді Уәлибек Әбдірайымов.
Әзілкеш театрдың ел мәдениетіндегі орны туралы да пікір білдірді.
"Қоясың ғой. Біздің ешқандай ренішіміз жоқ. Ешқандай көрерменге де, ешкімге де ренішіміз жоқ. Ал енді мен кейде ойлаймын, өзің сияқты білікті мамандар айтады: "Қазақ өнерінде "Тамаша" секілді тарихта қалатын болдыңыздар" деп. Ұмыт қалуымыз да мүмкін", – деді әзілкеш.