Malim.kz
Қоғам

"Сен мені жалғыз қалдырдың": Журналист Анна Данченконың отбасында қайғылы жағдай болды

Мадияр Қапанбек
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Қазақстандық журналист Анна Данченко анасының қайтыс болғанын әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Ол қаралы хабарды бөлісіп, анасына арнаған жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Журналист ең жақын адамынан айырылу өзіне өте ауыр тигенін айтып, анасы жоқ үйдің бос әрі қараңғы болып қалғанын жеткізді.

"Мама-а-а-а-а-а… Сен жай ғана ұйықтап жатырсың, иә? Мама-а-а! Сен мені жалғыз қалдырып кеттің. Жалғыз… Бұл пәтерде сенсіз қараңғы екен", – деп жазды Анна Данченко.

Ол марқұм анасының әкесін қатты сағынғанын да еске алды. Журналист енді өзін жалғыз қалдырғанына сенер-сенбесін білмей, жан күйзелісін жеткізді.

"Білемін, сен әкемді қатты сағындың, ал мені ше? Жаным-ау, мама, неге? Маған қатты ауыр, мама-а-а-а-а-а-а!" – деп жазды ол.

Анна Данченко бұған дейін де анасының денсаулығына алаңдап, оның жағдайы ауыр екенін айтқан болатын. Енді журналист анасының өмірден өткенін көпшілікке жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Анна Данченко анасының денсаулығына алаңдап, әлеуметтік желіде жүрек тебірентерлік жазба жариялаған еді.

Анна Данченко кім?

Анна Данченко – қазақстандық журналист, тележүргізуші және оқытушы. Ол Қызылорда облысындағы Арал қаласында өсіп, мектепті де сол жерде аяқтаған.

Анна Данченко жоғары оқу орнында журналистика мамандығын оқымаған. Соған қарамастан, телевизия саласына қызығушылық танытып, кәсіби жолын осы бағытпен байланыстырған. Оның негізгі білімі педагогика саласына қатысты. Кейін филология бойынша магистр дәрежесін алып, 2019 жылы PhD дәрежесін иеленген.

Телевизиядағы еңбек жолын Ақтөбе облыстық телеарнасында бастаған. Алғашқы жылдары таңғы бағдарламаны жүргізіп, эфирдегі тәжірибесін шыңдады. Кейін 31 арнаға ауысып, жаңалықтар мен авторлық жобалардың жүргізушісі ретінде көрерменге кеңінен таныла бастады. Анна Данченконы көпшілік "Өмір және өнер", "Айта берсін" сияқты бағдарламалар арқылы да жақсы біледі. Әр жылдары НТК телеарнасында тікелей эфир жүргізіп, кейін "Жетінші арнаның" жобаларына да қатысты.

Журналистік қызметімен қатар, ол ұстаздық бағытта да еңбек етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика және филология салалары бойынша студенттерге сабақ берген.

Анна Данченко қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Қазақ тіліндегі телевизиялық жобаларды жүргізуі арқылы ол отандық медиа кеңістікте өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған журналистердің бірі саналады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары