freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Анашым, кетпеші": Журналист Анна Данченко жан тебірентерлік жазба жариялады

Қоғам
"Анашым, кетпеші": Журналист Анна Данченко жан тебірентерлік жазба жариялады
Анна Данченко. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Белгілі журналист әрі тележүргізуші Анна Данченко анасының денсаулығына алаңдап, әлеуметтік желіде жүрек тебірентерлік жазба жариялады. Ол анасының қазір ауыр жағдайда жатқанын айтып, жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Malim.kz.

Журналист өзін әрдайым мықты санап келгенін, ата-анасының мақтанышы болу үшін бар күшін салғанын жазды. Оның сөзінше, ата-анасының өмірі оңай болмағандықтан, есейген соң олардың жағдайын жеңілдетіп, қамқорлығын қайтаруды армандаған.

"Мен өзімді мықтымын деп ойладым. Бәрін істей аламын деп ойладым. Ата-анам менімен мақтансын деп, тіпті мүмкін емес нәрсені де жасауға тырыстым. Өйткені олардың өмірі қиын болғанын білетінмін және оны жеңілдеткім келді", – деп жазды Анна Данченко.

Ол балалық шағының махаббат пен қамқорлыққа толы өткенін де еске алды. Журналистің айтуынша, ата-анасы қанша қиындық көрсе де, балаларының алдында ешқашан шағымданбаған. Алайда есейіп, енді ата-анасына өзінің махаббаты мен қамқорлығын көрсеткісі келген кезде әкесінен айырылғанын айтты. Анна Данченко әкесінің өмірден тым ерте кеткенін әлі күнге дейін қабылдау қиын екенін жасырмады.

"Әкем соншалықты тез кетті, мен әлі күнге дейін ол Аралда тұрып жатқандай, ал біз анам екеуміз Алматыда жүргендей сезінемін", – дейді журналист.

Ол анасына ерекше алғысын білдіріп, оны өміріндегі ең қымбат адамы деп атады.

"Анашым, сен – менің өмірімсің. Құдайдың мені сенің қызың етіп таңдағанына сондай ризамын. Сен – менің қорғаушы періштемсің. Мені еш шартсыз, қызғанышсыз, тек өз қызың болғаным үшін жақсы көретін жалғыз адамсың", – деп жазды ол.

Анна Данченко анасының батасынсыз үйден шықпағанын, оның әрбір жетістігіне шын жүректен қуанып отырғанын да еске алды. Қазір анасының жанында отырып, оны құшақтай да, сөйлесе де алмай отырғаны жанына қатты бататынын жеткізді. Журналист анасының тыныс алып жатқанын және өзін естіп жатқан шығар деп үміттенетінін жазған.

"Сені осындай күйде көру маған өте ауыр. Жүрегіңнің шаршағанын түсіну қиын. Бірақ ол соғып тұр. Мен оны сеземін, естимін", – дейді ол.

Анна Данченко бір күн бұрын анасының өзіне қарағанын, бірақ оны таныған-танымай қалғанын білмейтінін де айтты. Соған қарамастан, әр барған сайын анасының қолын қатты ұстайтынын жазды. Ол анасының қолын өзін өмір бойы жетелеп келген, құлаған кезде сүйеген, ауырғанда маңдайынан сипаған, асырап-баққан қол ретінде сипаттады.

"Әкемнен айырылған соң бір қанаты сынған құстай болдым. Бірақ сен үшін бір қанатыммен ұшуға тырыстым. Ал қазір сол қанатым да сынғандай. Жаным ауырып тұр, анашым. Қорқамын, қараңғылықта қалғандаймын", – деп жазды журналист.

Сөз соңында Анна Данченко анасына өмір үшін күресуді өтініп, оны қаншалықты жақсы көретінін жеткізді.

"Анашым, өтінемін, кетпеші! Сенсіз мен ұша алмаймын. Анашым, мен сені қатты жақсы көремін!" – деп түйіндеді ол.ёё

Анна Данченко кім?

Анна Данченко – қазақстандық журналист, тележүргізуші және ұстаз. Ол Қызылорда облысының Арал қаласында өсіп, мектепті сонда тәмамдаған. Анна журналистика мамандығында оқымағанымен, телевизия саласын жүрек қалауымен таңдағанын сұхбаттарында айтқан. Оның жоғары білімі педагогика саласымен байланысты, кейін филология бойынша магистр дәрежесін алып, 2019 жылы PhD дәрежесін иеленген.

Еңбек жолында Ақтөбедегі облыстық телеарнада таңғы бағдарламаның жүргізушісі болып жұмыс істеп, телевизиядағы алғашқы тәжірибесін жинады. Кейін 31 арнада жаңалықтар мен авторлық бағдарламаларды жүргізіп, республикалық деңгейде кеңінен таныла бастады. Көрермен оны "Өмір және өнер", "Айта берсін" секілді бағдарламалар арқылы да жақсы таныды. Әр жылдары НТК телеарнасында тікелей эфир жүргізіп, кейін "Жетінші арнаның" жобаларына да жүргізуші ретінде қатысты.

Телевизиядағы қызметімен қатар, Анна Данченко әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика және филология бағытында студенттерге сабақ берген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген тележүргізуші қазақ тіліндегі телевизиялық жобалары арқылы отандық медиа кеңістікте өзіндік орны бар журналистердің біріне айналды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу