Malim.kz
Қоғам

"Сенуге болмайтын адам": Баян Алагөзова әнші Мөлдір Әуелбекова туралы шындықты айтты

Мадияр Қапанбек
Баян Алагөзова мен Мөлдір Әуелбекова. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Продюсер Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында әнші Мөлдір Әуелбековамен қазіргі қарым-қатынасы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Сұхбат барысында одан Мөлдір Әуелбекова мен Балжан Бидаштың алдағы жобаларына қатысуы мүмкін бе деп сұралған. Баян Алагөзованың айтуынша, Мөлдір Әуелбекова жаңа жобаға қатыспайды. Ал Балжан Бидашқа қатысты шешім әзірге нақты емес.

"Құдайға шүкір, Мөлдір Әуелбекова нақты қатыспайды. Ал Балжан Бидаш туралы әзірге білмеймін. Ештеңе айтпаймын. Тосынсыйлар болуы мүмкін", – деді продюсер.

Сондай-ақ Баян Алагөзова Мөлдір Әуелбекованың бұған дейін өзінен кешірім сұрағанын еске алды. Продюсер сол кезде кешірімді қабылдағанын, бірақ бұрынғы жағдайдың қайта қайталануын қаламайтынын жеткізді.

"Менің ойымша, екі рет бір арнаға кіру мүмкін емес. Мөлдір Әуелбекова бұған дейін де кешірім сұрап келген. Мен оған келісімімді беріп, "жақсы" деп қабыл алдым. Ал екінші рет мен қаламаймын. Маған қажет емес және мен енді сенбеймін. Сенуге болмайтын адам", – деді Баян Алагөзова.

Еске сала кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова әлеуметтік желіде әнші Мөлдір Әуелбековаға қатысты қатаң жазба жариялап, көпшіліктің назарын аударған еді.

Баян Алагөзова туралы не белгілі?

Баян Алагөзова – Қазақстанның шоу-бизнес және медиа саласында танылған продюсер, актриса және тележүргізуші. Ол 1974 жылдың 9 қаңтарында Орал қаласында дүниеге келген.

Көпшілік оны 1993 жылы жарық көрген "Махаббат бекеті" фильмі арқылы тани бастады. Кейін Баян Алагөзова телевизия саласында еңбек етіп, түрлі бағдарламаларды жүргізді.

2006 жылдан бастап ол продюсерлікке ден қойып, отандық шоу-бизнеске бірнеше жобаны ұсынды. Соның ішінде ең танымал жобаларының бірі – КешYOU тобы. Әр жылдары Жанар Дұғалова, Ерке Есмахан және басқа да өнер өкілдерімен жұмыс істеді. Сонымен қатар кино және тележобаларда актриса ретінде де көрінді.

Бүгінде Баян Алагөзова продюсерлік, телевизия және кино саласында белсенді еңбек етіп жүрген танымал медиа тұлғалардың бірі.

Мөлдір Әуелбекова туралы қысқаша мәлімет

Мөлдір Әуелбекова – қазақстандық әнші, актриса және тележүргізуші. Ол 1986 жылдың 10 тамызында Тараз қаласында дүниеге келген.

Өнер иесі 2004 жылы "SuperStar.kz" жобасына қатысып, көпшілік назарына ілікті. Кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алды.

Студент кезінде "Саф" тобының құрамына қабылданып, кейін бұл ұжым КешYOU атауымен танылды. Мөлдір Әуелбекова осы топта өнер көрсетіп, елге кеңінен танылды. 2012 жылдан бастап жеке шығармашылық жолын жалғастырды. Оның репертуарында "Туған жер", "Күтемін", "Жаным-жаным", "Бір сен үшін", "Толғау", "Өсиет" секілді әндер бар.

Әнші кино саласында да бақ сынап, "Ғашық жүрек" және "Ғашық жүрек-2" фильмдерінде рөл сомдаған.

2018 жылы Мөлдір Әуелбекова "Құрмет" орденімен марапатталды. Бүгінде ол қазақ эстрадасындағы танымал әншілердің бірі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары