Malim.kz
MALIMet

SMS-тен кейін 200-ден астам адам жәрдемақыдан бас тартты: 2027 жылы не өзгереді?

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасының немесе жеке адамның тұрмыс деңгейі ескеріледі. Ал SMS-хабарлама алған 200-ден астам азамат көмекке мұқтаж емес екенін айтып, жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан, деп хабарлайды Malim.kz.

Қандай жәрдемақыларға қатысты?

Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған 2026 жылғы 5 қазандағы №870 қаулыда мемлекеттік жәрдемақының 10 түрі қамтылған:

• бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы;

• бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақы;

• көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы;

• "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлеріне, "Батыр ана" атағын алған және "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;

• мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;

• асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;

• арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

• бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға төленетін жәрдемақы;

• мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға немесе қамқоршыға берілетін жәрдемақы;

• арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.

Құжатта жерлеуге арналған біржолғы төлемнің шарттары да бөлек қарастырылған. Тізімге енген төлемдердің бәріне бірдей шектеу қойылмайды: бірқатар алушыға ерекше тәртіп сақталады.

Отбасылар қалай бағаланады?

Әлеуметтік әл-ауқатты бағалау жүйесінде бес санат бар:

А — әл-ауқаты жоғары;

B — ауқатты;

C — тұрмыс деңгейі қанағаттанарлық;

D — экономикалық тұрғыдан осал;

E — экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.

Жаңа тәртіп бойынша, ерекше жағдайларды қоспағанда, А және B санаттарына жатқызылған азаматтарға аталған жәрдемақылар мен жерлеуге арналған төлем берілмейді. Жәрдемақы алып жүрген адамның осы санаттарға өткені анықталса, төлемі тоқтатыла тұруы мүмкін.

Ай сайынғы бағалау нәтижесінде алушы C, D немесе E санатына ауысса, төлемді қайта жалғастыруға болады.

Кімдердің тұрмыс деңгейі есепке алынбайды?

Қаулыда мына жағдайларда әлеуметтік әл-ауқатты бағалау қолданылмайтыны көрсетілген:

• жасына байланысты зейнетақы алатын наградталған көпбалалы аналарға тиісті жәрдемақы тағайындағанда;

• мүгедектігі бар балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға мүгедектік жәрдемақысын тағайындағанда;

• ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға асыраушысынан айырылу жәрдемақысын тағайындағанда;

• Әлеуметтік кодекстің 190-бабында көрсетілген жекелеген санаттарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындағанда;

• арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы тағайындағанда.

Қандай мәліметтер тексеріледі?

Отбасының жағдайын бағалау үшін кәмелетке толған мүшелері мен төлем алушылардың дербес деректерін жинауға және тексеруге келісімі қажет болады.

Тексерілетін мәліметтердің қатарында банк құпиясына жататын ақпарат, несие қарызы, ай сайынғы төлемдер және мерзімі өткен берешек туралы деректер бар. Қажетті келісім берілмесе, жәрдемақы төлемін тоқтата тұруға негіз болады.

200-ден астам адам жәрдемақыдан бас тартқан

Үкіметтің 16 қазандағы хабарламасына сәйкес, SMS-хабарламалардан кейін 200-ден астам азамат мұқтаж болмағандықтан жәрдемақыдан бас тартатынын мәлімдеген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov Mobile арқылы жәрдемақыдан ерікті түрде бас тартуға арналған сервис жобасын таныстырған. Ол ауқатты алушыларға мемлекеттік органға бармай-ақ, төлемнен онлайн бас тартуға мүмкіндік беруге бағытталған. Ресми хабарламада сервистің жалпыға қолжетімді болатын нақты күні айтылмаған.

Отбасының санатын калькулятормен анықтауға болады ма?

Олжас Бектенов отбасының әл-ауқат деңгейін анықтайтын калькуляторды азаматтарға ыңғайлы етуді тапсырған. Атап айтқанда, қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде толтырылуға тиіс.

Алайда ресми хабарламада калькуляторға кіру сілтемесі мен іске қосылу мерзімі көрсетілмеген.

Үкімет ауқатты азаматтарға қатысты өзгерістер әлеуметтік төлемдердің 36 түрінің 14-ін ғана қамтитынын, қалған 22 түрі бойынша қолданыстағы тетіктер сақталатынын түсіндірді. Ал мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету тәртібі толық көлемде сақталады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары