Malim.kz
Қоғам

ШҚО-да БАҚ өкілдеріне 2 пәтер мен 3 көлік табысталды

Арман Қайыпхан
Фото: ШҚО әкімдігі

Бүгін облыс орталығында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

«Сіздер күн сайын ел өміріндегі маңызды оқиғаларды халыққа жеткізіп, ақиқаттың ақ жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БАҚ-тың қоғамдағы рөлін айрықша атап өтіп, «Елімізге шынайы ақпарат тарататын, халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін, елдік мүддені жоғары қоятын кәсіби журналистика қажет» деген болатын. Шығыс Қазақстанның жетістіктерін, нағыз еңбек адамдарының ерлігін, өңірдегі оң өзгерістерді насихаттауда өздеріңіздің үлестеріңіз ерекше. Осы жолда кәсіби шеберлік танытып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген барша журналистерге шынайы алғысымды білдіремін! Мереке құтты болсын!», - деді аймақ басшысы.

Одан соң журналистикада жемісті жұмыс істеп жүрген жандар марапатталды. 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов «Құрмет» орденімен, «Хабар» агенттігінің телеоператоры Дмитрий Пыхтин «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.

Бірқатар БАҚ саласының қызметкеріне Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді.
 

Бірнеше номинацияда жеңімпаз атанған тілшілер мен операторлар облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды.



Ал Президент атынан 3 бөлмелі жаңа пәтердің кілті «Qazaqstan» телеарнасының ШҚО-дағы меншікті тілшісі Олжас Керейханға, 2 бөлмелі пәтер кілті «ALTAI-NEWS» ЖШС медиа орталығының журналисі Айдос Мырзахметовке берілді. 3 көлік «ALTAI» телеарнасына, «ALTAI-NEWS» медиа орталығына және ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметіне табысталды. Ары қарай шара мерекелік концертке ұласты.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары