Шығыс Қазақстанда су экожүйелерін сақтау бағытындағы жұмыстар күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Өткен жылдан бері осы күні атап өтілетін Дүниежүзілік көлдер күні қарсаңында Асу-Бұлақ орман шаруашылығының қызметкерлері Шыбындыкөл көлінің жағалауында экологиялық сенбілік өткізді.
Тазалық жұмыстарына орман шаруашылығының 20 қызметкері қатысты. Арнайы техниканың көмегімен жағалау аумағы тұрмыстық және өзге де қоқыстан тазартылды.
Шығыс Қазақстанда барлығы 2 565 өзен, көл, канал және бұлақ бар. Оның ішінде 16-сы - ірі көл. Олардың қатарында Марқакөл, Зайсан және Сібе көлдері бар.
Көлдер табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады.
Олар тұщы судың көзі болып, климатты реттеуге, көміртекті жинақтауға және су тасқынының салдарын тежеуге ықпал етеді. Сонымен қатар су айдындарының жағдайы оларға ұқыпты қарауға және жағалау аумақтарының тазалығына тікелей байланысты.
«Шыбындыкөл көлінің ұзындығы шамамен бір шақырым, ені 400-ден 600 метрге дейін, ал тереңдігі 7 метрге жетеді. Көл қылқан жапырақты ормандармен қоршалған. Мұнда балықтың сан алуан түрлері, су құстары және жануарлар дүниесінің өзге де өкілдері мекендейді. Шыбындыкөл аумағында экологиялық сенбіліктерді тұрақты түрде өткізу – Асу-Бұлақ орман шаруашылығының табиғатты қорғау жұмыстарының маңызды бөлігі», - дейді ШҚО орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Данияр Қанатбаев.
Өңірде экологиялық акциялар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жалғасып жатыр. Олардың мақсаты - табиғи аумақтардың тазалығын қамтамасыз ету ғана емес, Шығыс Қазақстанның басты табиғи байлықтарының бірі саналатын су ресурстарына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.