«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2026 жылғы 29 наурыздағы жағдай бойынша республикалық маңызы бар тас жолдардағы қозғалыс туралы мәліметті жариялады. Су тасқыны мен ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір өңірлерде шектеулер әлі де өз күшінде, деп хабарлайды Malim.kz.
Қай өңірлерде жол жабық?
Ауа райы мен жол жиегіндегі судың жайылуына байланысты кейбір учаскелерде қозғалысқа шектеу қойылған.
Қостанай облысы
Мариновка ауылына кіреберіс жолда (0-9 шақырым) су тасқынына байланысты жол жабылды. Мұндағы судың ұзындығы 70 метрге, биіктігі 20 сантиметрге жеткен. Бұл жол шамамен 5 сәуір сағат 08:00-де ашылады деп жоспарлануда.
Солтүстік Қазақстан облысы
«Тимирязево – Сарыкөл – Қостанай облысының шекарасы» учаскесінде (0-30 шақырым) көліктің барлық түріне тыйым салынды.
Павлодар облысы
«Астана – Шідерті – Павлодар» тас жолының Қалқаман айрығындағы кіреберіс және Астана бағытына шығу бөлігі жабық.
Шығыс Қазақстан облысы
Осинов асуындағы күрделі тау жағдайына байланысты тіркемесі және жартылай тіркемесі бар жүк көліктері үшін қозғалыс шектелді (Северный ауылына бұрылыстан Серебрянск қаласына дейін).
Ашылған жолдар
Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта бірнеше бағытта көліктің барлық түрі үшін жол ашық. Атап айтқанда:
Ақмола облысы: «Астана – Шідерті – Павлодар» бағытындағы елордадан Павлодар облысының шекарасына дейінгі аралық (16-200 шақырым).
Павлодар облысы: Ақмола облысының шекарасынан Атамекен ауылына дейін, сондай-ақ Қарағанды облысының шекарасынан Шідертіге дейінгі жолдар ашылды. Сонымен қатар, «Қалқаман – Баянауыл» және «Павлодар – РФ шекарасы» бағыттарында кедергі жоқ.
Қарағанды облысы: Павлодар облысының шекарасынан Ботақара кентіне дейінгі және Жастар (Молодежный) кентінен Павлодар облысының шекарасына дейінгі учаскелерде көлік қозғалысы қалпына келтірілді.