Алматыдағы ең ірі көшелердің бірі саналатын Розыбакиев көшесіне жақында дүниеден өткен ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы ұсыныс қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Осы бастамаға қатысты белгілі заңгер Мейірман Шекеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арнайы үндеу жолдап, көпшілікті бұл идеяны қолдауға шақырды, деп Malim.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Заңгер өз өтінішінде қазіргі заңнамада белгілі тұлғаның есімін көше немесе өзге де нысанға беру тәртібі нақты белгіленгенін атап өткен. "Тіл туралы" заңға сәйкес, қайраткердің аты нысанға берілуі үшін оның қайтыс болғанына кемінде бес жыл өтуі керек. Ал Мұхтар Шаханов 2026 жылғы 19 сәуірде өмірден өткендіктен, бұл талап ұсынысты бірден іске асыруға кедергі келтіреді.
Соған қарамастан, Мейірман Шекеев бұл мәселені ерекше жағдай ретінде қарастыру қажет деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстан тәжірибесінде атау беру немесе көше атын өзгертуге қатысты бұрын да айрықша шешімдер қабылданған. Заңгер бұған Астана қаласының атауын өзгерту мен Алматыдағы Фурманов көшесінің қайта аталуын мысалға келтірді.
Шекеев Мұхтар Шахановтың қазақ қоғамындағы орны бөлек екенін атап өтті. Оның пікірінше, ақын Желтоқсан оқиғасының ақиқатын айтуда, мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғауда және ұлттық рухты көтеруде үлкен еңбек сіңірді. Сондықтан Алматыдағы маңызды көшелердің біріне Мұхтар Шахановтың есімін беру – оның ел алдындағы еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет болмақ.
Еске сала кетейік, Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ақынның соңғы аманаты орындалып, ол туған жері – Отырар өңіріндегі Арыстан баб кесенесі маңына жерленді.
Мұхтар Шаханов туралы
Мұхтар Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Ол әдебиет пен журналистика саласында жемісті еңбек етіп, "Жалын" журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Сонымен қатар КСРО және Қазақстан Парламентінде депутат болып, елдік мәселелерге белсене араласты. 1993-2003 жылдары Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.
Мұхтар Шахановтың шығармалары қазақ әдебиетінің құнды мұрасына айналды. Оның өлеңдері терең философиялық ойымен, азаматтық ұстанымымен, ұлттық рухты асқақтататын қуатты үнімен ерекшеленеді. Ақын шығармашылығы арқылы адамгершілік, ар-намыс, тіл, ұлт тағдыры, тарихи жады сияқты маңызды тақырыптарды көтерді.
Ол көптеген мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болып, тек Қазақстанда ғана емес, түркі әлемінде де кеңінен танылған тұлғаға айналды. Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі, елдік мүдде жолындағы табанды еңбегі мен әдеби мұрасы халық жадында мәңгі сақталады.