Malim.kz
Қоғам

Сүйінші, ағайын! Меруерт Өтекешоваға қатысты асыға күткен қуанышты хабар тарады (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында өткен республикалық "Арқа аруы" байқауында Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі "Қыз Жібек" фильміндегі басты рөлімен ел есінде қалған Меруерт Өтекешоваға ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Жергілікті халық қазақ өнерінің көрнекті өкіліне ықыласын білдіріп, актрисаға ат мінгізді. Бұл құрмет өнер иесінің қазақ мәдениеті мен кино өнеріне қосқан еңбегіне деген елдің шынайы алғысы ретінде қабылданды.

"Арқа аруы" байқауы Жаңаарқа ауданында ұйымдастырылды. Іс-шараны депутат Аманжол Әлтай өмірден өткен жары Ақмарал Әлтайдың рухына арнап өткізген.

Мерекелік шараға Жаңаарқадан шыққан белгілі азаматтар мен өнер өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қанат және Света Айтбаевтар, тележүргізуші Динара Сәтжан және басқа да қонақтар болды.

Ал кештің құрметті қонағы ретінде шақырылған Меруерт Өтекешоваға жұртшылық ерекше қошемет көрсетті. Қазақ көрермені үшін актрисаның есімі "Қыз Жібек" бейнесімен тығыз байланысты. Сондықтан Жаңаарқа халқының оған ат мінгізуі ұлттық өнерге жасалған үлкен құрметтің белгісі болды.

Бұған дейін Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков арасындағы романтикалық кездесулер туралы қызықты деректі жазған едік. Сондай-ақ Қоғам белсендісі Жолымбек Мәкіш әлеуметтік желіде актриса Меруерт Өтекешованың қазіргі жағдайына қатысты жазба жариялап, көпшіліктің назарын аударған болатын.

"Қыз Жібек" – қазақ киносының алтын қорындағы өлмес туынды

"Қыз Жібек" – қазақ кино тарихындағы ең құнды әрі көркем туындылардың бірі. 1970 жылы "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген екі бөлімді фильмді режиссер Сұлтанахмет Қожықов экранға шығарды. Сценарий авторы – қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов.

Эпостық-драмалық жанрдағы бұл картина қазақтың әйгілі лиро-эпостық жыры негізінде түсірілген. Фильмде ұлттық болмыс, салт-дәстүр, махаббат, адалдық, ерлік және елдік рух терең көрініс тапқан.

Басты рөлдерді Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков және Асанәлі Әшімов сомдады. Ал фильмнің әсерлі музыкасын қазақтың әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиев жазған. Оның әуендері туындының көркемдік қуатын арттырып, көрермен жүрегінен ерекше орын алды.

Фильм оқиғасы Базарбайдың ұлы Төлегеннің өзіне лайық жар іздеуінен басталады. Ол талай арудың арасынан Сырлыбайдың сұлу қызы Жібекті таңдайды. Екі жас бір-біріне ғашық болып, араларында шынайы сезім оянады. Алайда олардың махаббатына қызғаныш пен сатқындық кедергі болады. Бекежанның қолынан Төлеген қаза тауып, бұл қайғылы оқиға Жібектің тағдырын түбегейлі өзгертеді.

Картинаның екінші бөлімінде Төлегеннің інісі Сансызбайдың ерлігі суреттеледі. Ол ағасының арманын жалғап, ел намысын қорғауға аттанады. Сонымен қатар Жағалбайлы жұртының азаттығы мен абыройы үшін күреседі.

"Қыз Жібек" фильмі қазақ халқының рухани әлемін, ұлттық мінезін және эстетикалық талғамын айқын көрсеткен ерекше шығарма саналады. Бүгінде бұл туынды қазақ киносының алтын қорына енген классика ретінде бағаланып, бірнеше буын көрерменнің сүйікті фильміне айналды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары