Malim.kz
Білім-ғылым

Сүйінші, ағайын! Министр Жұлдыз Сүлейменова барша ұстазды қуантатын хабарын жеткізді (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Ulysmedia.kz коллажы. Суретте: Жұлдыз Сүлейменова

Қазақстандық ұстаздар үшін көптен күткен жаңалық жарияланды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді аттестациялау кезінде қолданылатын пәндік білімді бағалау (ПББ) тесті енді міндетті болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Министрдің сөзінше, педагогтер бұдан былай өз пәні бойынша біліктілігін дәлелдеу үшін тест тапсырудан босатылады.

Бұл шешімге қатысты тиісті нұсқаулық өңірлік білім басқармаларына жолданып, іске асыру жұмыстары басталған.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдап, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттерді талқылаған болатын. Кездесу барысында Президентке 2025 жылдың қорытындылары және биылғы жылға жоспарланған негізгі бағыттар таныстырылды. Министрдің айтуынша, Жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, "Таза Қазақстан" бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленіп, мектептерде "Адал азамат" атты біртұтас тәрбие бағдарламасы кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.

Сондай-ақ министр ғылыми жобаларға қатысатын оқушылар мен оларды дайындайтын педагогтерге қатысты жағымды өзгерістер бар екенін де атап өткен еді.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бағдарламасына енгізілмек болған өзгерістерге қатысты маңызды шешім қабылданғанын мәлімдеген болатын. Министрдің айтуынша, бірқатар пәндерді біріктіруді көздеген реформа тоқтатылды. Бұған дейін физика, химия және биология пәндерін "Жаратылыстану ғылымдары" курсына, ал алгебра мен геометрияны «Математика» пәніне біріктіру жоспарланған болатын. Сонымен қатар дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін "Әлеуметтік ғылымдар" пәні аясында оқыту көзделген еді. Алайда ведомство бұл бастаманы жүзеге асырмау туралы шешім қабылдады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары