Malim.kz
Қоғам

"Сүйінші, ағайын!" – Руслан Өтепбайға қатысты асыға күткен қуанышты хабар тарады (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден. Суретте: Руслан Өтепбай

Елге танымал журналист Руслан Өтепбайға Ақсуат жұртшылығы ерекше құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен ат мінгізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы кәсіпкер Дулат Тастекей Instagram парақшасында жазды. Оның айтуынша, халықтың мұңын айтып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрген журналистке көрсетілген бұл құрмет – елдің ықыласы мен ризашылығының белгісі.

"Халқымыздың сүйікті ұлы, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген белгілі журналист Руслан Өтепбайға Ақсуат жұртшылығы ерекше құрмет көрсетті. Ұлт руханияты мен қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың сеніміне ие болған азаматқа қазақы дәстүрмен ат мінгізу рәсімі жасалды. Бұл – Ақсуат жұртының ардақты азаматқа деген ықыласы мен ризашылығының белгісі", – деп жазды кәсіпкер Дулат Тастекей.

Желі қолданушылары да журналистке көрсетілген құрметті жылы қабылдап, Руслан Өтепбайға шығармашылық табыс пен абырой тіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Руслан Өтепбай қарындасына арнап әсерлі жазба жариялаған еді.

Руслан Өтепбай кім?

Руслан Өтепбай – қазақстандық журналист, тележүргізуші және әлеуметтік тақырыптарды көтеріп жүрген медиа тұлға. Ол 1991 жылы дүниеге келген. Руслан Өтепбай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Сондай-ақ ол әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесіне ие. Журналист еңбек жолын 2011 жылы бастап, содан бері ақпарат саласында үздіксіз қызмет етіп келеді.

Оның кәсіби бағыты көбіне қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеруге, әділетсіздікке тап болған адамдардың үнін жеткізуге және күрделі оқиғалардың мән-жайын ашуға негізделген. Руслан Өтепбай еңбек жолын далалық репортер ретінде бастап, кейін телеэкранда кеңінен танылды. Ол әр жылдары КТК, "Алматы" және 31 арна секілді отандық телеарналарда жұмыс істеген. Көпшілік оны әсіресе "Евразия" арнасындағы "Көреміз" әлеуметтік ток-шоуының жүргізушісі ретінде жақсы таныды. Руслан Өтепбай бұл жобаны 2022 жылдың 7 ақпанынан 2024 жылдың желтоқсанына дейін жүргізді. "Көреміз" бағдарламасында қоғамда резонанс тудырған оқиғалар, отбасылық даулар, әлеуметтік әділетсіздік, алаяқтық және көмекке мұқтаж жандардың мәселелері көтерілді. Бағдарлама арқылы көптеген адамның проблемасы көпшілік назарына ұсынылып, кейбір істердің шешілуіне ықпал етті.

2023 жылы журналистің еңбегі бағаланып, ол "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды. Кейінгі жылдары Руслан Өтепбай телевизиямен қатар интернет жобаларын да дамытып, YouTube платформасында белсенді жұмыс істей бастады. Оның ресми YouTube арнасында әлеуметтік мәселелерге, адам тағдырына және қоғамдағы өзекті оқиғаларға арналған сұхбаттар мен бағдарламалар жарияланып келеді.

2025 жылы ол 31 арнадағы "Әділдік алаңы" жобасының жүргізушісі болды. Бұл бағдарлама қарапайым адамдардың шынайы оқиғаларын көрсетіп, азаматтық жауапкершілік, қайырымдылық, волонтерлік және әлеуметтік көмек тақырыптарын қамтыды. 2026 жылдың ақпанынан бастап Руслан Өтепбай "Евразия" арнасындағы "Анықтаймыз. Руслан Өтепбаймен" атты авторлық журналистік зерттеу бағдарламасын жүргізе бастады. Бұл жоба оқиға орнына барып, дерек жинауға, кейіпкерлермен сөйлесуге, сарапшылар мен заңгерлердің пікірін беруге құрылған. Бүгінде Руслан Өтепбай ел ішіндегі өзекті мәселелерді ашық көтеретін, халықтың мұңын жеткізуге тырысатын журналист ретінде танылып отыр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары