Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының жағдайы оң шешімін тауып келеді. Кәсіпқой бокста бір жылға шеттетілгеніне қарамастан, ол WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерін сақтап қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Спорт журналисі Аслан Қаженовтің айтуынша, қазір боксшының адвокаттары бұл мерзімді қысқарту үшін апелляция беріп, шеттету уақытын жарты жылға дейін азайтуға тырысуда.
"Жәнібек қазір Алматы қаласында. Жазға қарай жаттығу лагеріне кіріспек. Ол Америкада не Англияда ұйымдастырылады. Ары қарай жоспар бойынша жұмыстар жалғасады. Өйткені, форманы жоғалтып алмауы керек. Жыл соңына дейін титулын қорғау үшін шаршы алаңға шығатыны анық", – деп жазды Аслан Қаженов.
Сәуір айында британдық Дензел Бентли мен венесуэлалық Эндри Сааведра WBO-дің уақытша чемпиондық белбеуі үшін жекпе-жек өткізеді. Ал желтоқсанда Жәнібек сол кездесудің жеңімпазымен айқасуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, ең ықтимал қарсылас – Дензел Бентли.
Сонымен қатар келесі жылы, шамамен сәуір немесе мамыр айларында, қазақстандық боксшы тағы бір титул үшін жекпе-жек өткізуі мүмкін. Ол WBC чемпионы Карлос Адамеске немесе WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы шығуы ықтимал.
Айта кетейік, бұған дейін 6 желтоқсанға жоспарланған үш титул үшін айқас алдында Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына іліккен болатын. WBO ұйымы оның сынамасынан тыйым салынған зат табылғанын ресми растады.
19 қаңтарда іс бойынша екінші тыңдау өтті. Кейін допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткені белгілі болды. Қазіргі уақытта боксшы тергеу аяқталғанға дейін барлық жекпе-жектерден уақытша шеттетілген.
Бұған дейін қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) ресми шешімінен соң жанкүйерлеріне үндеу жолдаған болатын.