Танымал әнші Сәкен Майғазиевтің жары Динара Майғазиева отбасындағы қуанышты жаңалықпен бөлісті. Ол Instagram парақшасында немерелі болып жатқанын айтып, көпшіліктен сүйінші сұрады, деп хабарлайды Malim.kz.
Динара Майғазиева жазбасында ұлы Әділеттің әке атанғанын, ал өздерінің ата мен әже болғанын ерекше толқыныспен жеткізді.
"Сүйінші! Немерелі болып жатырмыз! Абай атамыздың "адамның бір қызығы – бала деген" сөзін көп ойлаушы ем, "неге бар қызығы" демеген деп... Келін келіп, Әдиямыз жанымызда жүрген жылға жуық уақыт тіпті, осы "қызықтар" ойымнан шықпай жүрді. Жас кезімізде шынында, баланы бар қызығымыз деп ойлауға уақыт та, сезім де, даналылық та жете бермейді екен ғой. Әдиямыздың аяғы ауыр, жерік кезінде де тіл-көзден қорғағаным ба, айтпауға тырыстым. Ал, бүгін жанымды шүберекке түйіп, аман болса екен деп Аллаға жалбарынған сәттердің жемісі – "Сүйінші!" деп кеудемді керген қуанышпен бөліскелі отырмын.
"Бір қызығымыз" деп жүрген Әділетіміз әке болғанда, атасы мен әжесінің "бар қызығы" болып, жарық дүниеге немереміз келіп жатыр! "Қыз – ырыс" дейтін қазағымнан айналдым! Ізгілік пен мейірімнің бастауы болып, мына әлемді қуанышқа бөлейтін кішкентай Адам, қош келдің! Баршаңызға жұғысты болсын", – деп жазды Динара Майғазиева.
Еске сала кетейік, танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөліскен еді.
Сәкен Майғазиев кім?
Сәкен Қордабайұлы Майғазиев – қазақ эстрадасындағы белгілі әнші, продюсер, тележүргізуші, ұстаз әрі өнер қайраткері. Ол 1975 жылы 1 қаңтарда қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында өскен өнер иесі бала кезінен әнге жақын болып, шығармашылыққа ерте қызығушылық танытқан.
Сәкен Майғазиев 1993 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне оқуға түсіп, соқпалы аспаптар және эстрада әншісі мамандығы бойынша білім алды. Кейін Тұрар Жүргенов атындағы өнер академиясында эстрада әншісі бағыты бойынша оқуын жалғастырды.
Кәсіби сахнада ол өзіндік дауыс мәнерімен, лирикалық әндерімен және орындаушылық шеберлігімен танылды. 2001 жылдан бастап Сәкен Майғазиев танымал "МузАРТ" тобының құрамында өнер көрсете бастады. Дәл осы топ арқылы оның есімі қалың көрерменге кеңінен танылды.
"МузАРТ" құрамында ол қазақ ән өнерінің дамуына үлес қосып, көптеген тыңдарманның сүйікті әншісіне айналды. Сәкен Майғазиев тек орындаушы ретінде ғана емес, жас буынға жол көрсетіп жүрген ұстаз ретінде де белгілі. Ол 2012 жылдан бері Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде шәкірт тәрбиелеп келеді.
Өнер иесі телевизиялық жобаларда да белсенді көрінді. Ол «Екі жұлдыз» жобасына қатысып, кейін осы бағдарламаның жүргізушісі болды. Сонымен қатар "Жаңа күн" ақпараттық-сазды бағдарламасын жүргізіп, өзін тележүргізуші ретінде де танытты.
Сәкен Майғазиев жас таланттарды қолдап, түрлі өнер байқауларына қатысып келеді. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие. Сондай-ақ "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты және бірқатар мәртебелі марапаттың иегері.
2020 жылы өнертану мамандығы бойынша PhD дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған. Бүгінде Сәкен Майғазиев қазақ эстрадасы мен ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосып жүрген беделді өнер тұлғаларының бірі саналады.