Шымкентте пара алғаны үшін айыпталған аудандық полиция басқармасының басшысына қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Malim.kz қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады.
«Т., Шымкент қаласы полиция департаментінің Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы бола отырып, қызметтік өкілеттігін пайдаланып, аталған басқарманың өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша азамат А.-ға қатысты әрекеттің саралануын жеңілдету үшін 6 миллион теңге көлемінде пара алған», – делінген сот хабарламасында.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және іс бойынша жиналған өзге де дәлелдермен толық дәлелденді.
Прокурор соттан жоғары лауазымды полицейге 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, сотта жауап беруден бас тартты және ақтау үкімін шығаруды өтінді.
Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайлардың жоқтығын және ауырлататын мән-жай ретінде қабылданған антты бұзуды ескерді.
«Сот Т.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. ҚР ҚК-нің 49-бабына сәйкес, Т. арнайы атағынан айырылды», – деп хабарлады сот.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкент қаласының полиция басшысы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың резонанс тудырған өлімінен кейін қызметінен босатылған еді.