Malim.kz
Қоғам

"Тағы бір демалыс қосылады": Елімізде Конституция күні 15 наурызға ауысатын болды

Мадияр Қапанбек
pixabay.com

Қазақстанда жаңа демалыс күні бекітілуі мүмкін. Сенат төрағасы Маулен Әшімбаев журналистерге берген сұхбатында жаңа Конституция күні алдағы референдум өтетін 15 наурыз болуы ықтимал екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Әшімбаевтың айтуынша, жаңа мерекелік күн өтпелі ережелерге сәйкес Конституция қабылданған күнмен байланысты болмақ.

"Қабылданған күн мен күшіне енген күн – екі бөлек мәселе. Жоба бойынша әңгіме қабылданған күн туралы болып отыр. Қабылданған күн – 15 наурыз", – деді ол.

Сенат спикері түпкілікті шешім референдум нәтижесіне байланысты болатынын атап өтті.

"Азаматтар өздері дұрыс деп санағандай дауыс беруге құқылы. Референдум сол үшін өткізіледі. Егер халық қолдаса, жаңа Конституция қабылданып, Конституция күні 15 наурыз болады", – деді Маулен Әшімбаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда Конституция күні – мемлекеттік мереке және ресми демалыс күні саналады. Бұған дейін жаңа Ата заң жобасында Конституция күні 1 шілде болуы мүмкін екені айтылған. Құжатқа сәйкес, референдумда қабылданған жағдайда жаңа Конституция 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.

Еске сала кетейік, 11 ақпанда Конституциялық комиссия мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа Конституция жобасы бойынша атқарылған жұмыс қорытындысын таныстырған болатын. Кейін Президент конституциялық реформа бойынша республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

Жарлыққа сәйкес, референдум 15 наурызда, жексенбі күні өтеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары