Эвакуация басталғалы бері Таяу Шығыс елдерінен 8585 қазақстандық елге қайтарылды. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстан азаматтарды қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр.
"Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде іс-қимылдарды үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, отандастарымызбен тұрақты байланыста", - делінген хабарламада.
Кеше Отандық әуе компаниялары Біріккен Араб Әмірліктерінен 28 ақпан мен 10 наурыз аралығында рейстері тоқтатылған жолаушыларды алып кету үшін 10 наурызда репатриациялық рейстерді орындайтынын жазғанбыз.
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авив соққының мақсаты Тегеранның ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді. Вашингтон Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жойып жібереміз деп қорқытып, ел азаматтарын режимді құлатуға шақырды.
Иранның Қызыл Жарты Ай ұйымының мәліметі бойынша, АҚШ пен Израильдің шабуылдарында жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеиді қоса, кем дегенде 1000 адам қаза тапты.
БАҚ-тың хабарламаларына қарағанда, зымырандар тек әскери нысандарға емес, Ислам Республикасындағы және аймақтың басқа елдеріндегі азаматтық инфрақұрылымға да тиіп жатыр. Тегеран бұған жауап ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы америкалық базаларға соққы жасады.