Malim.kz
Қоғам

"Тарих тақтасында қалатын күн": Бағдат Әшімова қуанышты хабарды жеткізді (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
Ашық дереккөзден. Суретте: Бағдат Әшімова мен Асанәлі Әшімов

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовке арналған XIII облыстық ашық шахмат турнирі өнер иесінің туған ауылы Жайылмада өтті, деп Malim.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, биылғы шара "Тұлғаға тағзым. Ұрпаққа өнеге" деген атаумен ұйымдастырылған.

Бағдат Әшімова турнирді өткізуге қолдау білдірген аудан әкімдігіне, ел азаматтарына және іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғыс айтты.

"Аудан әкімшілігіне, ел азаматтарына үлкен рахмет. Жерлес азаматтарын ұлықтап, жас ұрпаққа өшпес мұра қалдырып отыр. Бұл тарих тақтасында қалатын күн болды", – деп жазды ол.

Еске сала кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Сондай-ақ Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында актердің күнделік кітабына қатысты жазба жариялаған еді.

Асанәлі Әшімов кім: қазақ өнерінің абызы туралы не белгілі?

Асанәлі Әшімов – қазақ киносы мен театр өнерінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті актер, режиссер, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі. Ол 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Жайылма ауылында дүниеге келген.

1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша білім алған. Кейін өнер жолын "Қазақфильм" киностудиясында бастап, ұлттық киноның қалыптасуы мен дамуына белсенді атсалысты.

Асанәлі Әшімовтің шығармашылық өмірі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен де тығыз байланысты. Ол 1963 жылдан бастап осы театр сахнасында актер әрі режиссер ретінде ұзақ жыл еңбек етіп, көрермен есінде қалған көптеген бейнені сомдады.

Өнер иесі қазақ киносы мен театрының биік деңгейге көтерілуіне ерекше еңбек сіңірген тұлғалардың бірі саналады. Оның сахнадағы және экрандағы әр рөлі шынайылығымен, терең мінезімен және актерлік шеберлігімен ерекшеленді. Сондықтан халық оны қазақ өнерінің абызы деп құрметтейді.

Асанәлі Әшімов өнердегі еңбегі үшін көптеген мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болды. 1973 жылы "Атаманның ақыры" фильміндегі рөлі үшін Күләш Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. 1974 жылы театр өнеріндегі еңбегі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.

1978 жылы оған Қазақ КСР халық әртісі атағы берілді. Ал 1980 жылы КСРО халық әртісі атанды. 2000 жылы "Тарлан" тәуелсіз сыйлығының иегері болды. Кейін "Отан" және "Құрмет" ордендерімен марапатталды.

Сонымен қатар Асанәлі Әшімов Жамбыл облысының құрметті азаматы атанған. 2003 жылы "Қазақы оқиға" фильміндегі рөлі үшін "Шәкен жұлдыздары" кинофестивалінің лауреаты болды. Ал 2007 жылы әлемдік кино өнеріне қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық академиясының "Алтын қыран" орденін алды.

Бүгінде Асанәлі Әшімовтің есімі қазақ өнері тарихында актерлік шеберліктің, биік талғамның және өнерге адалдықтың символы ретінде сақталып келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары