Елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында осылай деді.
Бірнеше айдың ішінде бұл акцияға 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылып, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналған болатын.
«Таза Қазақстан» акциясы әр аймақта жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Ал оның өңірлерде сапалы жүзеге асуына жергілікті жердің әкімдері тікелей жауапты.
Науқан бес айға созылды, дегенмен қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету елдің әр өңіріндегі тұрғындар үшін әдетке айналғандай.
Шымкент қаласының тұрғындары бұл тазалық акциясында аса белсенділік танытты. Шымкенттіктер Мемлекет басшысының экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі бастамасына жан-жақты қолдау көрсетіп, «Таза көше – Таза аула», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Таза жағалау» ұранымен қала тұрғындары мен қонақтарына тазалық мәдениетін қалыптастыруды да насихаттады. Қаланың шағын аудандарында және көпқабатты үйлердің аулаларында, су көздерінің жағалауларында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Шымкенттің Асар шағын ауданының тұрғындары акцияға сәуір айынан белсенді қатысып, көшелерді, аулаларды және екі демалыс аймағын тазалады. Бүкіл отбасымен бірге сенбілікке шығып жатқандар да болды.
Еңбекші ауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларында да «Таза аула» акциясы өткізіліп, аулаларды ретке келтіру, тазалау, қоқыстарды шығару, қоршаулар мен орындықтарды сырлау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ дәл осындай акция «Бадам-1» шағын ауданының аумағында да ұйымдастырылып, тұрғындар елді мекен аумағын тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартып, жол жиектеріндегі шөптерді орып, ағаш бұтақтарын тазалады.
Қаратау ауданындағы Нұртас шағын ауданында тұрғындар мен белсенді жастар өздерінің аулаларын және іргелес аумақтарды ретке келтірді, қоқысты шығарып, қураған ағаштарды кесті, қоршаулар мен орындықтарды сырлады. Осы ауданның Қайтпас шағын ауданында өткен «Таза көше» атты іс-шараға 120-дан астам аудан тұрғыны, 8 техника жұмылдырылып, 18 тонна қоқыс шығарылған болатын.
Тамыз айында Абай ауданына қарасты Шымсити шағын ауданында «Таза аула» атты тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері, аудан ардагерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, ерікті жастар мен тұрғындар барлығы 150-ден астам адам қатысты.
Мұндай тазалық жұмыстары Шымкент қаласына қарасты барлық аудандарда жаз бойы ұйымдастырылды.
Осылайша, шымкенттіктер «бұл акция - өз қаламызға деген жанашырлықтың көрінісі» деген қағидатты ұстанатындарын көрсетті.
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі