Түркістан театрының актері Шерхан Саматұлы "Қайырлы таң, Қазақстан" бағдарламасында қонақ болып, "МузАрт" тобына арналған театрландырылған қойылым туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Актердің айтуынша, қойылымда топтың құрылу кезеңі мен шығармашылық жолындағы маңызды сәттер сахналық тілмен жеткізілген. Сюжетте топ мүшелерінің қалай бірігіп, өнер жолын бастағаны көрініс табады.
"Басында Мақсат Базарбаев пен Мейрамбек Бесбаев топты құрады. Яғни, біз трио құрсақ деген арманда жүреді. Мейрамханада ән айтып жатқан Сәкен Майғазиевті көріп қалады. Үшеуі бірігіп, топ құрады. Гастрольдерге шығады. Бір бас продюсер келіп Мақсаттың ойын бұза бастайды. Топтың арасына іріткі салған. Ол Мақсатқа "Сен топқа жараспайтын сияқтысың. Сен жеке ән айтатындай әншісің" дегендей сөздер айтады. Сөйтіп оны жеккөрінішті қыла бастайды. Азғырады, манипуляция жасайды. Ақыры Мақсатты өзі кететіндей қылады. Ең мықты тұсы: Мейрамбектің ауырған кезі. Сол шақта бүкіл халық болып дұғада болған. Сол тұсын балет әртістерінің көмегімен керемет етіп, режиссер істеп шықты. Мұны, бұйырса, қонаққа келгенде көре жатарсыздар", – деді Шерхан Саматұлы.
Сонымен қатар актер қойылым толықтай өмірден алынғанымен, кейбір тұстары көркемдік мақсатта өзгертіліп, әсіреленгенін атап өтті.
Бұған дейін танымал әнші Мейрамбек Беспаев жас өнер иесі Еркеш Хасенге автокөлік сыйлап, көпшіліктің ықыласына бөленген еді.
"МузАРТ" тобы: тарихы, шығармашылығы және жетістіктері
"МузАРТ" – Қазақстан эстрадасындағы ең танымал вокалды-аспапты ансамбльдердің бірі. Топ 2001 жылы Алматы қаласында құрылып, қазақ тіліндегі сапалы музыканы кеңінен насихаттап келеді. Топтың алғашқы құрамында Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев және Мақсат Базарбаев болған. Кейін Мақсат Базарбаев жеке шығармашылық жолын таңдап, оның орнына Кенжебек Жанәбілов қосылды.
Топтың алғашқы орындаған әні – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған "Сенің көзің" туындысы болды. Бұл ән олардың шығармашылық жолындағы маңызды бастамаға айналды. 2003 жылдан бастап топ шетелдерге гастрольдік сапармен шығып, Қытай мен Ресей сахналарында өнер көрсетті. Кейін Түркия елінде де жеке концерттерін өткізіп, халықаралық деңгейде танымал бола бастады. 2011 жылы топ өзінің 10 жылдық мерейтойын Астанада атап өтсе, 2021 жылы 20 жылдық шығармашылық белесін бағындырды.
"МузАРТ" тобының репертуары негізінен эстрада жанрына жатса да, халық әндері мен ретро бағыттағы шығармалар да маңызды орын алады. Олардың "Өз елім", "Шашбаулым", "Үшқоңыр", "Анаға сәлем", "Қайран көңіл" сияқты әндері халық арасында кеңінен таралған.
Топ мүшелері Қазақстанның мәдени өміріне қосқан үлесі үшін жоғары марапаттарға ие болды. Олар "Дарын" жастар сыйлығын алып, "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері" атағына ие болды. 2013 жылы MUZZONE телеарнасының ЕМА премиясында "Үздік ұжым" атанды. Бүгінде "МузАРТ" тобы қазақ эстрадасының символына айналып, бірнеше буын тыңдармандарының сүйікті ұжымына айналып отыр.