Malim.kz
Қоғам

"Төрт сағатқа созылды": "МузАРТ" тобының мүшесі Кенжебек Жанәбіловке ота жасалды

Мадияр Қапанбек
Кенжебек Жанәбілов. Фото: instagram.com/saken_maigaziyev

"МузАРТ" тобының мүшесі Кенжебек Жанәбіловке кардиологиялық орталықта ота жасалды. Әншінің қазіргі жағдайы туралы әріптесі Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Malim.kz.

Сәкен Майғазиевтің жазуынша, медициналық ем-шара төрт сағатқа жуық уақытқа созылып, сәтті аяқталған.

"Кенжебекке кеше кардиологиялық орталықта ота жасалып, төрт сағатқа созылған ем-шара сәтті өтті. Алла Тағала шипасын берсін. Барша медицина қызметкерлеріне мың рақмет. Қолдарыңыз дерт көрмесін. Сіздер де ауырмаңыздар", – деп жазды өнер иесі.

Сәкен Майғазиев әріптесіне қолдау білдіріп, оның денсаулығы тезірек қалпына келіп, өнерге қайта оралуын тіледі.

Желі қолданушылары да Кенжебек Жанәбіловке саулық тілеп, жылы лебіздерін білдіріп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығына байланысты жансақтау бөліміне түскені хабарланған еді.

Еске сала кетейік, әнші Мейрамбек Беспаев "МузАРТ" тобының мүшелері Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанәбіловті алған марапаттарымен құттықтап, әзіл аралас жылы лебізін білдірген. 

"МузАРТ" тобы – қазақ эстрадасындағы танымал ұжым

"МузАРТ" – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, халықтың ықыласына бөленген вокалды топтардың бірі. Ұжым 2001 жылы Алматы қаласында құрылып, содан бері ұлттық музыка мен эстраданың дамуына үлес қосып келеді.

Топтың алғашқы құрамында Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев және Мақсат Базарбаев өнер көрсетті. Кейін Мақсат Базарбаев жеке шығармашылыққа бет бұрып, оның орнына Кенжебек Жанәбілов қосылды.

"МузАРТ" тобының алғашқы танымал әндерінің бірі – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған "Сенің көзің" шығармасы. Бұл туынды ұжымның шығармашылық жолындағы маңызды әндердің біріне айналды. 2003 жылдан бастап топ шетелдерде де концерт бере бастады. "МузАРТ" Қытай, Ресей және Түркия елдерінде гастрольдік сапармен болып, қазақ әндерін шетелдік көрерменге таныстырды.

Топтың репертуарында эстрадалық шығармалармен қатар халық әндері мен ретро бағыттағы туындылар да бар. "Өз елім", "Шашбаулым", "Үшқоңыр", "Анаға сәлем", "Қайран көңіл" сияқты әндері тыңдарман арасында кеңінен танылған.

Ұжым мүшелерінің орындаушылық мәнері мен үш дауыстың үйлесімі "МузАРТ"-тың өзіндік музыкалық қолтаңбасын қалыптастырды.

Бүгінде "МузАРТ" тобы бірнеше буын тыңдарманына танымал, қазақ эстрадасындағы беделді әрі ұзақ жылдар бойы сахнадан түспей келе жатқан ұжымдардың бірі саналады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары