Malim.kz
Әлем

Трамп Иранмен сауда жасайтын елдерге тарифтерді көтеру туралы жарлыққа қол қойды

Арман Қайыпхан
Фото: BBC/EPA

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен сауда-саттықты жалғастырып отырған елдерден импортталатын тауарларға кедендік тариф мөлшерлемелерін арттыруға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Malim.kz. BBC-ге сілтеме жасап.

Құжатта баж салығының нақты көлемі көрсетілмеген, алайда оны қолдану қағидаты сипатталған. Мысал ретінде: «Осы жарлық күшіне енген күннен бастап қосымша адвалорлық кедендік баж — мысалы, 25% — Ираннан кез келген тауарды немесе қызметті тікелей не жанама түрде сатып алатын, импорттайтын немесе өзге жолмен иемденетін кез келген елде өндірілген әрі АҚШ-қа әкелінетін тауарларға салынуы мүмкін» деп жазылған.

Дәл осы 25 пайыздық деңгей Трамптың 12 қаңтарда Truth Social желісіндегі жазбасында да аталған болатын.

Жарлықта «президент Иранды ядролық мүмкіндіктерге ие болуға ұмтылғаны, терроризмді қолдағаны, баллистикалық зымырандарды әзірлегені және аймақтық тұрақсыздық туындатқаны үшін жауапты деп санайды, ал мұның бәрі АҚШ-тың қауіпсіздігіне, одақтастарына және мүдделеріне қатер төндіреді» деп көрсетілген.

Иран әзірге Вашингтонның бұл жаңа қадамына қатысты пікір білдірген жоқ.

Иран экспортының негізгі бөлігі әлі де шикі мұнай болып отыр. Reuters агенттігі 12 қаңтарда Kpler аналитикалық компаниясының деректеріне сілтеме жасап хабарлағандай, ирандық мұнай жеткізілімдерінің шамамен 80 пайызы Қытайға бағытталады. Алайда Қытайдың кедендік статистикасында 2022 жылдан бері Ираннан мұнайдың тікелей жеткізілімдері көрсетілмейді. Сарапшылар мұны мұнайдың үшінші елдерде қайта тиеліп, малайзиялық немесе индонезиялық өнім ретінде рәсімделуімен түсіндіреді.

Трамп жарлыққа тікелей түсініктеме бермеді, бірақ ұшақта журналистермен әңгіме барысында Тегеранға қатысты ұстанымын тағы да қайталады: «Ядролық қару болмайды».

Жұма күні Оманда Иран мен АҚШ арасында келіссөздер өтті. Оған дейін тараптар бірнеше апта бойы өзара қоқан-лоққы жасаған болатын. Иран делегациясының басшысы, сыртқы істер министрі Аббас Арагчи кездесуді «жақсы бастама» деп атап, «оң атмосфераны» ерекше атап өтті. Ал Трамп сол күні кешке келіссөздерді «өте жақсы» өтті деп бағалады. АҚШ тарапынан келіссөздерге арнайы өкіл Стив Уиткофф пен президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер қатысты.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары