АҚШ президенті Дональд Трамп құрған «Бейбітшілік кеңесіне» қаржы бөлуге уәде берген тоғыз елдің ішінен тек Біріккен Араб Әмірліктері, Марокко және АҚШ-тың өзі ғана бұл міндеттемені орындады. Бұл туралы жұма, 10 сәуір күні Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Жиналған жалпы сома 1 миллиард доллардан аз болды.
Ақпан айында Вашингтонда өткен «Бейбітшілік кеңесінің» отырысында Трамп ұйымға мүше елдер — Қазақстан, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Марокко, Бахрейн, Катар, Сауд Арабиясы, Өзбекстан және Кувейт — Газа секторына 7 миллиард доллар бөлуге уәде бергенін мәлімдеді. АҚШ бұл сомаға қосымша тағы 10 миллиард доллар, ал БҰҰ 2 миллиард доллар қосуы тиіс еді. Бұл қаражат, соның ішінде, «Бейбітшілік кеңесінің» бақылауындағы Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитетті (NCAG) қаржыландыруға бағытталуы керек болатын. Бұл комитетке ХАМАС қарусыздандырылғаннан кейін аймақты басқару тапсырылады деп жоспарланған.
Reuters агенттігінің мәліметінше, «Бейбітшілік кеңесінің» өкілі Николай Младенов палестиналық ұйымдарға «қазіргі уақытта қаражат жоқ» деп мәлімдеген. Алайда «Кеңес» қаржы жетіспеушілігі туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ұйым мәлімдемесінде: «Бейбітшілік кеңесі — іске асыруға бағытталған шағын құрылым, ол қажет болған жағдайда қаржы тартады. Қаржылық шектеулер жоқ. Бүгінгі күнге дейін барлық қаржыландыру сұраныстары дереу және толық көлемде қанағаттандырылды», — делінген.
Газаны басқару кейінге қалдырылуда
Мысырдың делдалдығымен ХАМАС-ты қарусыздандыру жөніндегі келіссөздер жалғасып жатыр, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Израиль әскерін шығармай тұрып, ХАМАС қаруын тапсыруы тиіс деп талап етуде, ал ХАМАС болса атысты тоқтатуға кепілдік беріліп, Израиль армиясы толықтай шығарылуын талап етеді.
Reuters агенттігінің дипломатиялық ортадағы дереккөзіне сәйкес, келіссөздер тұйыққа тірелген және Израиль бұл жағдайды ауқымды әскери операцияны қайта бастауға себеп ретінде пайдалануы мүмкін деген қауіп бар.