АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландия бойынша арнайы өкілі етіп тағайындаған Луизиана губернаторы Джефф Лэндри Ақ үйдің аралды жаулап алу жоспары жоқ екенін анық білдірді, деп хабарлайды BILD.
Трамп әкімшілігінің «сол жерге біреуді жаулап алу үшін бару» немесе «әлдебіреудің жерін тартып алу» ниеті жоқ, деп сендірді Лэндри Fox News эфирінде. Оның айтуынша, мәселе АҚШ пен Гренландия арасындағы ұлттық қауіпсіздік және экономикалық мәселелердегі ынтымақтастықты кеңейту туралы болып отыр.
Басылымның жазуынша, арнайы өкіл мұны Гренландияны стратегиялық маңызды және ресурстарға бай аралдың болашақтағы жағдайын талқылау үшін АҚШ-пен «экономикалық үстел басына» отыруға шақыру деп сипаттады.
Бұған дейін Ақ үй арал билігімен тікелей қарым-қатынас орнату үшін Гренландия бойынша АҚШ-тың арнайы елшісі етіп республикашыл губернатор Джеф Лэндриді тағайындағанын хабарладық.
Еске сала кетсек, қаңтар айында АҚШ президенті Дональд Трамп Панама каналы мен Гренландияны бақылауға алу үшін әскери күш, сондай-ақ Канаданы иелену үшін экономикалық күш қолдану мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді.