Malim.kz
Қоғам

"Түркияға апарып емдетеміз деп едік... Үлгермедік": Танымал блогер марқұм Шахановтың соңғы күндері туралы айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Танымал блогер Қайша Керей әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтың абыз ақсақалы Мұхтар Шахановтың өмірінің соңғы сәттерінен түсірілген бейнемен бөлісіп, әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Блогердің айтуынша, соңғы кездесулерінің бірінде олар ақынды Түркияға апарып, емдетуді жоспарлаған. Алайда бұл ой жүзеге аспай қалған.

"Соңғы кездескенде Қуаныш екеуміз Мұхтар атамызды Түркияға апарып, емдетеміз деп апамыздан рұқсат алған едік… Бір ай бұрын жағдайын сұрасақ, жансақтау бөлімінде жатыр деді…Сол сәтте жүрегіміз шым ете қалды… "Үлгермейміз-ау…" деп тыпыршыдық… Шынымен де… үлгермедік… Білесіздер ме, мен неге "Қайдасың, Қазағым?" деп соншама қаражат шығарып, шетелдегі қазақтарды іздеуді бастадым…

Неге 30 жыл бұрын кеткен Мұстафаның ұрпақтарын іздеймін… Неге Мұхтар атаны Түркияға апарып емдеткім келді… Себебі… ішімде бір үн бар. Сол үн мені үнемі осындай тарихи, алып тұлғаларға қызмет етуге шақырады. Соларға титтей болса да жақсылық жасасам – жүрегімде шексіз махаббат орнайды…

Мен бақыттан секіремін…Мен бақыттан жылаймын… Сондықтан біз сауда жасап, бизнестен тапқан қаражаттың бір бөлігін осындай тұлғаларға, осындай игі істерге жұмсауды жөн көрдік. Біз тек өзіміз байысақ деп өмір сүрмейміз… Жақсылыққа жұмсалған дүние – ең қайырлы инвестиция екеніне көзіміз жетті. Сауданы да ниетпен, мақсатпен, жақсылық үшін жасасаң – Алла несібеңді еселеп береді екен… Қайран Мұхтар атам… Бүгін Сіз мәңгілік мекеніңізге аттандыңыз…

Соңғы өтінішін орындаған ел ағаларына, президентімізге шексіз алғыс. Жаныңыз жәннатта болсын, асыл Ата… Сіздің сөзіңіз, рухыңыз – мәңгі жүрегімізде", – деп жазды ол.

Еске сала кетейік, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні өмірден өткен еді.

Мұхтар Шаханов туралы

Мұхтар Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Ол журналистика мен әдебиет саласында қызмет етіп, "Жалын" журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, сондай-ақ КСРО және Қазақстан Парламентінде депутат болған. Сонымен қатар 1993-2003 жылдары Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.

Ақынның шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына енген. Оның поэзиясы философиялық тереңдігімен, азаматтық үнмен және ұлттық рухпен ерекшеленеді. Мұхтар Шаханов көптеген халықаралық және мемлекеттік марапаттардың иегері атанып, түркі әлемінде кеңінен танылған.

Ақынның жарқын бейнесі, қайсар рухы мен елге сіңірген еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары