Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Ақмешіт ауылында жауын-шашынның мол түсуіне байланысты Ақмешіт өзенінің су деңгейі көтерілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Соның салдарынан демалыс және пикник аймақтарын байланыстыратын екі уақытша көпірді су шайып кетті. Сонымен қатар Екпінді елді мекеніндегі өткел де зақымданған.
Оқиға орнына ТЖМ күштері жедел жетті. Қауіпсіздік шаралары аясында Екпінді ауылынан 11 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды. Ал демалыс аймағынан 70 адам, оның ішінде 20 бала қауіпсіз жерге көшірілді.
Қазіргі уақытта уақытша өткел ұйымдастыру үшін арнайы техника жұмылдырылған. Зардап шеккендер жоқ, эвакуацияланған азаматтарға медициналық көмек қажет болмады.
Оқиға орнында ТЖМ қызметкерлері, «Қазселденқорғау», полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеуде.