Malim.kz
Қоғам

Түркістанда 28 жастағы ер адамға қатысты тексеру басталды

Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: видеодан скриншот\ЖИ арқылы өңделген

Түркістанда "Жаңа адамдар" қозғалысының белсенділері әлеуметтік эксперимент барысында 12 жастағы қыздың атынан әлеуметтік желіде аккаунт ашып, кәмелетке толмағандармен танысуға әрекет ететін ересектерді анықтауға тырысқан, деп хабарлайды Malim.kz.

Қозғалыс өкілдерінің мәліметінше, эксперимент олардың "124 Азаматтық" науқаны аясында жүргізілген. Белсенділер 12 жастағы бала ретінде көрсетілген парақшаға ересек адамдардың қызығушылық танытатынын мәлімдеді.

Олардың айтуынша, "Түркістан" деген лақап атпен тіркелген қолданушы аккаунтқа хат жазып, кейін әңгіме жыныстық сипатқа ауысқан. Белсенділер ер адамның интимдік мазмұндағы ұсыныстар айтып, сексуалдық сипаттағы видеолар жібергенін және жеке кездесуге шақырғанын мәлімдеді.

Қозғалыс өкілдері аталған аккаунттың артында 1998 жылы туған, үйленген ер адам тұрғанын анықтағандарын айтады. Белсенділердің мәлімдеуінше, ол аккаунт иесінің үйде жалғыз қалатыны туралы ақпарат алғаннан кейін кездесуге келген.

Алайда жоспарланған кездесу болмаған. Белсенділер ер адамды үйдің подъезі алдында күтіп алған. Жарияланған видеода ол өзіне тағылған айыптармен келіспей, хат-хабарларға қатысы жоқ екенін айтқан.

Оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері шақырылған. "Жаңа адамдар" өкілдері жиналған скриншоттар, хат-хабарлар мен өзге де материалдарды полицияға тапсырғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Белсенділер жариялаған мәліметтерге құқықтық бағаны құзырлы органдар береді. Ер адамның кінәсі сот шешімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары