Түркістан қаласында жел ұшырып құлатқан Әзербайжан Республикасының мемлекеттік туын көтеріп, құрметпен орнына қойған 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Базарбайұлына ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба көпшіліктің назарын аударып, жасөспірімнің әрекеті қоғам тарапынан жоғары бағаланды. Оның бұл қадамы Қазақстан ғана емес, Әзербайжан жұртшылығының да ықыласына бөленіп, екі ел арасындағы достық пен өзара сыйластықтың көрінісі ретінде қабылданды.
Осыған байланысты Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров оқушыны арнайы қабылдап, оның азаматтық ұстанымы мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай әрекет жас ұрпақтың тәрбиесі мен мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Кездесу барысында Нұрсұлтанға рухани құндылықтарды дәріптейтін жазушы Шерхан Мұртазаның кітабы тарту етілді.
Өз кезегінде Нұрсұлтан Базарбайұлы өзіне көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, бұл кездесудің өзі үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.