Түркістан қаласындағы сауда орталықтарының бірінде екі әйелдің арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласты. Оқиға балаларға арналған ойын алаңында болған. Жанжал кезінде бір әйел дене жарақатын алған, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 7 қараша күні Turan Mall сауда орталығында орналасқан «Балу» балалар ойын алаңында болған. Бейнежазба авторының айтуынша, жанжалға әйелдердің бірінің екінші әйелдің баласын қағып өтуі себеп болған. Осыдан кейін баланың анасы әлгі әйелге жақындап, әрекетінің себебін түсіндіруді талап еткен.
Алғашында екі әйел өзара сөйлесіп тұрған. Алайда көп ұзамай олардың арасында түсініспеушілік туындап, жағдай ушығып кеткен.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан әйелдердің бірі екіншісін бірінші болып итергенін байқауға болады. Бұған жауап ретінде екінші әйел жұдырық ала жүгірген.
Оқиға туралы ақпарат тарағаннан кейін Түркістан облысының полициясы аталған жағдайды растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жанжал кезінде әйелдердің бірі дене жарақатын алған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Түркістан қаласындағы сауда орталықтарының бірінің ойын алаңында болған жанжал фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша екі қатысушы арасында жанжал болып, соңында біреуі дене жарақатын алды. Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, полиция басқармасына жеткізді, оның қатысуымен қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ведомство өкілдері.