Әзілкеш Уәлибек Әбдірайымов концерт барысында әріптесі Тұрсынбек Қабатов туралы күтпеген мәлімдеме жасап, оның екі күннен бері табылмай жатқанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі сахна үстінде сөйлеген сөзінде жағдайдың оңай емес екенін жеткізді.
"Көпшілігіңіз Мөлдірді білесіздер. Бірақ қазір Айман деген келін бар... Сіздерден ұят болып тұр. Екі күн болды, Тұрсынбекті таба алмай жатырмыз. Бұл күлетін жағдай емес. Байың жоғалып кетсе, күлкілі нәрсе ме?" – деді ол.
Сонымен қатар, Уәлибек Әбдірайымов әзілкешті іздеу жұмыстарының да нәтиже бермей жатқанын айтты.
"Іздейтін жерді іздейін десем, ол жақты іздеудің қажеті жоқ екен. Екі күннен бері жоқ адамды табу оңай емес. Өзінің жұбайы таба алмай отырғанда, мен қайдан табайын? Айтыңыздаршы?" – деп сөзін қорытындылады ол.
Айта кетейік, бұған дейін Мөлдір Мұқан Тұрсынбек Қабатовпен ажырасу туралы алғаш рет ашық пікір білдіріп, бұл шешімнің қалай қабылданғанын баяндаған еді. Ол бұл жайында журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтқан.
Продюсердің сөзінше, ол отбасын сақтап қалу үшін ұзақ уақыт бойы күрескен. Алайда барлық талпынысқа қарамастан, некені аман алып қалу мүмкін болмаған.
"Он төрт жыл бойы бірге болуымыздың себебі – үзілмеген үміт еді. Бес балам бар, сондықтан отбасыма сызат түскенін қаламадым. Бір күні Тұрсынбектен "Енді не істейміз, ажырасамыз ба?" деген хабарлама келді. Ол алғашқы қадамды мен жасағанымды қалағандай көрінді. Сөйтіп, арызды бірінші болып өзім жаздым", – деген еді ол.
Мөлдір Мұқан уақыт өте келе ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас салқындап, өзара түсіністік азайғанын да жасырмады.
"Маған өте ауыр тиді, жан дүнием күйзелді. "Біз бәрін бірге бастадық, қалай ажырасамыз?" деген сөздері мені ұзақ уақыт тоқтатты. Бірақ кейін ол үйден жиі кететін болды", – деп еске алды ол.
Соған қарамастан, продюсер бұрынғы күйеуі туралы жылы пікір білдіріп, оның жақсы әке екенін атап өтті. Дегенмен, арадағы түйткілдер шешілмеген күйінде қалып, ақыры ажырасуға алып келген.
"Тұрсынбек – жақсы әке. Бірақ мен өзімді күйеуі бар адаммын ба, жоқ па – соны түсінбей қалдым. Бұл тек біздің емес, балаларымыздың тағдырына да әсер етті. Сондықтан осындай шешім қабылдауға тура келді", – деді Мөлдір Мұқан.