Malim.kz
Қоғам

"Үйден кетіп, қайта оралмады": Жанар Айжанова марқұм күйеуі туралы шындықты айтты

• Мадияр Қапанбек
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Белгілі әнші, актриса Жанар Айжанова марқұм жолдасымен өткізген соңғы кешін еске алды. Өнер иесі күйеуінің өмірден өтерінен бір күн бұрын түскен суретін жариялап, жүрегінде қалған өкінішін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында қызы Айжұлдыздың әкесімен бірге түскен естелік суретті жариялаған. Оның айтуынша, фотосурет жолдасының сыныптастарымен бас қосқан отырысында түсірілген.

Жанар Айжанова бұл кештің күйеуімен бірге өткізген соңғы отырысы болатынын сол кезде ешкім білмегенін жеткізді. Өнер иесінің сөзінше, басқосуда жолдасы одан Шәмші Қалдаяқовтың "Кешікпей келем деп ең, мен тұрмын елеңдеумен" әнін орындауды өтінген. Ән айтылып жатқанда күйеуі де қосылып, отырғандар әзілдесіп, көңілді кеш өткізген.

"Айжұлдыздың папасымен түскен суретіміз барлық жерде жүр екен. Мен де біреуін қосайын. Мынау қайтыс боларынан бір күн бұрын сыныптастарымен бірге болған күніміз. Маған өзі қолқа салып, “Кешікпей келем деп ең, мен тұрмын елеңдеумен” деген Шәмшінің әнін айтқызды. Өзі де қосылып отырды. Құрдастары сен де әнші болып кетпе деп қалжыңдаған еді. Көңілді кеш болып, тарқастық", – деп жазды Жанар Айжанова.

Алайда келесі күні әншінің жолдасы үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Жанар Айжанова үшін сол кеште орындалған әннің сөздері кейін ерекше мұңды естелікке айналған.

"Ертеңіне қазір келем деп кеткен еді, содан оралмады. Елеңдеумен қала бердім", – деп еске алды өнер иесі.

Әнші көпшілікке өмірі бақытты әрі уайымсыз көрінуі мүмкін екенін, алайда сырт көзге байқалмайтын жан жарасы бар екенін де жасырмады.

"Қайғысыз адам, күйесіз қазан жоқ" деген осы шығар?! Сыртымыздан қараған адамға маңдайымызға шаң тимегендей көрінетін шығармыз. Жатыр ғой бітеу жара ішімізде", – деп жазды ол.

Еске сала кетейік, Жанар Айжанова ене мен келін арасындағы сыйластық, ата-аналардың жас отбасының өміріне араласуы туралы пікір білдірген еді.

Жанар Айжанова кім?

Жанар Мерғалиқызы Айжанова – қазақтың танымал әншісі, айтыскер ақыны, актриса және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1968 жылы 6 ақпанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.

Өнерге бала кезінен қызығушылық танытқан Жанар Айжанованың әншілік қабілетінің қалыптасуына отбасындағы тәрбиесі, әсіресе анасының ықпалы зор болған. Ол 1995 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін тәмамдаған.

Шығармашылық жолында халық әндерін, эстрадалық туындыларды орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен қатар айтыс өнерінде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, тапқырлығымен және өткір әзілдерімен танылды.

Жанар Айжанова әншілікпен қатар актерлік салада да еңбек етіп келеді. Ол "Аппақ келін", "Bizdin show" секілді телевизиялық және ойын-сауық жобаларына қатысып, комедиялық образдары арқылы көрерменге танылды.

Өнер иесінің жеке өмірі де көпшілік назарында. Оның Айжұлдыз Адайбекова есімді қызы бар. Айжұлдыз да шығармашылық саланы таңдап, актриса, модель және дизайнер ретінде танылған.

Жанар Айжанова түрлі сұхбаттарында отбасылық өмірі, ана болу жауапкершілігі және басынан өткен қиындықтар туралы ашық айтып келеді.

2020 жылы әншіге отандық мәдениет пен өнердің дамуына қосқан үлесі үшін "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.

Бүгінде Жанар Айжанова қазақ эстрадасы мен ойын-сауық саласында өзіндік орны бар, әншілік, айтыскерлік және актерлік өнерді қатар алып жүрген белгілі тұлғалардың бірі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары