freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Ененің сайқал саясаты болу керек": Жанар Айжанова енелер туралы айтты

Шоу-бизнес •
"Ененің сайқал саясаты болу керек": Жанар Айжанова енелер туралы айтты
Фото-коллаж: malim.kz/ ЖИ арқылы өңделген

Әнші Жанар Айжанова ене мен келін арасындағы сыйластық, ата-аналардың жас отбасының өміріне араласуы туралы пікір білдірді. Өнер иесі Жанерке Сейфуллинаға берген "Айтарым бар" сұхбатында келінді де, күйеу баланы да бауырға тартып, жаңа ортаға бейімделуіне көмектесу керектігін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.  

Сұхбат барысында журналист барлық ененің бірдей түсіністік таныта бермейтінін атап өтті. Жанар Айжанова үлкендердің өз баласының ғана жағдайын ойлаумен шектелмеуі қажет екенін жеткізді.

"Ойлау керек. Баланың енесі емес, қыздың да анасы", – деді әнші.

Осылайша өнер иесі ененің келінге өз қызындай қарауы маңызды деген ойын білдірді. Оның сөзінше, басқа отбасынан келген жас қызға бірден талап қоюдан бұрын, оны түсініп, үйдің тіршілігіне біртіндеп үйреткен жөн.

Журналист жастардың бақытты болып, ажыраспауы үшін ата-аналарға қандай кеңес беретінін сұрағанда, әнші бәріне ортақ ақыл айтуға болмайтынын меңзеді. Сондай-ақ тұрмысқа шыққан қыздың әр қадамын анасы бақылап отыра алмайтынын айтты.

"Мен кеңес айта алмаймын. Сосын кетіп қалған қызға сен бақылау жасай алмайсың", — деді ол.

Әңгіме барысында ененің ұлын келінінен қызғануы туралы мәселе де қозғалды. Жанар Айжанова мұндай жағдайда үлкен адам сөзі мен әрекетіне мұқият болып, отбасындағы қарым-қатынасты ақылмен реттеуі керек деп есептейді.

"Ыңғайлану керек қой. Аңдап сөйлеп, ақырын басып. Ене деген, менің ойымша, өзінің саясаты болу керек. Саясаты дегенде, сайқал саясаты болу керек. Екі жақты да бірдей ұстайтын. Бірінші өзіңді сыйлату керексің", — деді әнші.

Осы сөзінен кейін ол екі жаққа да бірдей қарап, сыйластық орната білудің маңызын түсіндірді. Әншінің пікірінше, ене өз беделін сақтай отырып, келінінің де жағдайын ескеруі қажет.

Жанар Айжанова келіннің біреудің аялап өсірген жалғыз қызы болуы мүмкін екенін еске салды. Өмірлік тәжірибесі аз немесе үй шаруасына әлі төселмеген қызды асықпай үйреткен дұрыс деген ойын жеткізді.

"Біреудің бір тал жалғыз қызы келе жатыр. Өмір көрмеген, ақсаусақ болса, ақырын үйрету керексің", – деді өнер иесі.

Әнші қыздың анасына да осындай міндет жүктелетінін айтты. Қызы тұрмысқа шыққан соң, оның жұбайына сырт адамдай қарамай, күйеу баланы да отбасына жақындату қажет деп санайды. Оның сөзінше, жас жігіттің де кемшіліктері болуы мүмкін, сондықтан екі жақтың ата-анасы жастарға түсіністік танытқаны жөн.

"Ол күйеу бала да жетісіп тұрған жоқ. Оны да бауырға тарту керек", – деді Жанар Айжанова.

Өнер иесі сұхбатта жас отбасының екі жағындағы үлкендерге де жауапкершілік бар екенін атап өтті. Келінді үйрету, күйеу баланы бауырға тарту және екі жастың арасында сыйластық сақтауға көмектесу — оның пікіріндегі негізгі ойлардың бірі.

Жанар Айжанова кім?

Жанар Айжанова – қазақстандық әнші, актриса әрі тележүргізуші. Ол 1968 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген. 1995 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін бітірген. 

Өнерге бала кезінен жақын болған Жанар Айжанова еңбек жолын ауылдағы мәдениет саласында бастаған. 1985-1986 жылдары Шалқар аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі қызметін атқарған. Ауылдарға барып, ән айтып, кино көрсетумен айналысқан. Кейін 1991-2000 жылдары Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында, "Адырна" фольклорлық-этнографиялық ансамблінде жұмыс істеген. 

Әншінің орындауындағы шығармалар арасында "Балқадиша", "Махаббат назы", "Құрдасым", "Бәрінен де сен сұлу", "Қазақ қызы", "Ауылым әнім", "Тобылғы сай" және "Әй-әй бөпем" бар. Бұл әндер Apple Music платформасындағы орындаушы парақшасында жарияланған. Оның репертуарында лирикалық туындылармен қатар, туған жер мен ұлттық болмысқа арналған шығармалар да кездеседі. 

Ана тақырыбы да өнер иесінің шығармашылығынан орын алған. Оның орындауындағы "Ана", "Ана туралы толғау", "Зарлы ана", сондай-ақ "Жігіттерге өсиет" туындылары музыкалық платформаларда қолжетімді. Ал MediaStar деректер қорында Жанар Айжанова сөзін Хасен Зәкәрия, әнін Оралхан Көшеров жазған "Достарға" шығармасының орындаушыларының бірі ретінде көрсетілген.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу