Malim.kz
Қоғам

"Үйленгеннен кейін қатты байқалды": Димаш Құдайбергеннің қарындасы күйеуі туралы ашық айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден. Суретте: Раушан Құдайберген мен Ермахан Аймахан

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайберген мен оның жолдасы Ермахан Аймахан отбасылық өмірлері жайлы сыр бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Ерлі-зайыпты "1001 түн" бағдарламасына қатысып, таныстық тарихы мен шаңырақ көтергеннен кейінгі өзгерістер туралы айтып берді.

Раушан Құдайбергеннің айтуынша, тұрмыс құрғаннан кейін екеуінің де өмірге, қарым-қатынасқа деген көзқарасы өзгерген.

"Адам уақыт өте келе түрлі жағдайдан кейін өзгеруі мүмкін. Үйленгеннен кейін қатты байқалды. Әртүрлі жағдайда бір-бірімізді түсіну деңгейіміз дамыды. Көзқарасымыз өзгерді. Мұның бәрі адам болмысы, дүниетанымының өзгеруіне байланысты", – деді Раушан.

Ал актер Ермахан Аймахан болашақ жарымен 2021 жылы танысқанын айтты. Оның сөзінше, Раушанды алғаш рет театр ұжымымен бірге қала сыртындағы демалыс кезінде көрген.

"2018 жылы Алматыға оқуға түстім. 2020 жылы Асхат Маемировтың шақыруымен Астанаға келдім. Астанада Музыкалық жас көрермен деген театрды құрдық. Бірінші маусымды жапқан кезде ұжыммен бірге қала сыртында демалдық. Тимбилдинг кезінде Раушанды көріп қалдым. Раушанның ата-анасы мен Асхат Маемиров 30 жылдан бері дос. Алғаш бір-бірімізді сол жерде көрдік", – деді Ермахан Аймахан.

Айта кетейік, Раушан Құдайберген мен Ермахан Аймаханның үйлену тойы 2025 жылдың 8 тамызында Шымкент қаласында өткен.

Еске сала кетейік, танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтың қыз ұзату дәстүріне қатысты жазба жариялаған еді. Сондай-ақ Света Айтбаева болашақ келініне қатысты өз пікірін білдірген болатын.

Әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайбергеннің жұбайы Ермахан Аймахан өнер жолындағы жаңа жаңалығын бөліскен еді. Ол Instagram парақшасында жаңа әнін жарыққа шығарғанын хабарлаған.

Ермаханның айтуынша, бұл ән барлық музыкалық платформаларға жүктеліп, тыңдарманға қолжетімді болған. Жас өнерпаздың жаңа туындысын әлеуметтік желі қолданушылары мен Димаштың жанкүйерлері жылы қабылдаған.

Оқырмандар Ермаханға шығармашылық табыс тілеп, жас жұбайларға ақ тілектерін арнаған. Көпшілік олардың жарасымды жұп екенін айтып, отбасыларына бақыт пен береке тілеген.

"Махаббаттарыңыз мәңгі болсын", "Өте әдемі жұп! Отбасыларыңызға бақыт пен береке тілейміз" деген пікірлер де көп жазылған.

Осылайша, Ермахан Аймаханның жаңа әні тыңдарман назарын аударып, көпшіліктің қолдауына ие болған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары