Malim.kz
Оқиға

Украиндердің ісі ме? Мәскеуде генерал-лейтенант мінген Kia Sorento жарылып кетті

Ереке Базарқұл
ФОТОЛАР: © ТАСС (Ресей) агенттігі

22 желтоқсан күні таңертең Мәскеудің оңтүстігіндегі Орехово-Борисово ауданындағы тұрғын үй ауласында автокөлік жарылды. Бұл туралы RTVI басылымы хабарлайды.

Оқиға салдарынан Ресей Қарулы күштері Бас штабының жедел дайындық басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Фанил Сарваров қаза тапты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, украиндік арнайы қызметтердің қатысы болуы мүмкін деген нұсқа қарастырылып жатыр.

SHOT мәліметінше, таңғы сағат 6:50 шамасында (Мәскеу уақытымен - malim.kz) Ясеневый көшесінің №12 үйінің маңында қатты жарылыс болған. Baza таратқан ақпаратқа сәйкес, Kia Sorento маркалы автокөлік тұрақтан бірнеше метр ғана жүрген кезде жарылған. «112» арнасының хабарлауынша, жүргізуші көліктің ішінде қамалып қалып, салоннан шыға алмаған.

Жарылыс салдарынан ол көптеген жарықшақ жарақатын алған. Ауыр жараланған әскери қызметкер ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттарының салдарынан  көз жұмды.

Кейін Ресейдің Тергеу комитеті қаза тапқан адамның кім екенін ресми түрде растады. Ол – генерал-лейтенант Фанил Сарваров екені белгілі болды.

Генерал туралы мәлімет

Генерал-лейтенант Фанил Сарваров © Ресей қорғаныс министрлігі

Фанил Сарваров 1969 жылғы 11 наурызда Пермь облысының Гремячинск қаласында дүниеге келген. Қазан танк командалық училищесін, Бронетанк әскерлерінің әскери академиясын және РФ Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясын тәмамдаған.

Ол осетин-ингуш қақтығысына, Шешенстандағы контртеррорлық операцияға (Ресейдің ресми бағасы - malim.kz), Сириядағы әскери науқанға және Украинадағы соғысқа қатысқан. «Ерлігі үшін», «Отан алдындағы еңбегі үшін» және «Әскери еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған.
2024 жылы РФ президенті Владимир Путин оған генерал-лейтенант атағын берген. 2022 жылдан бері Сарваров Украинадағы «Миротворец» сайтының базасына енгізілген.

Тергеу барысы

Жарылыс пен әскери шенді тұлғаның қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды:
– қоғамдық қауіпті тәсілмен кісі өлтіру;
– жарылғыш заттарды заңсыз сақтау және пайдалану.

Мәскеу прокуратурасының мәліметінше, қолдан жасалған жарылғыш құрылғы магниттің көмегімен автокөліктің түбіне, жүргізуші орындығының тұсына бекітілген. Құқық қорғау органдарындағы дереккөздер оның қуаты тротил баламасымен 300 грамм болғанын хабарлады.

Оқиға орнынан түсірілген бейнематериалдарға қарағанда, көліктің алдыңғы бөлігі қатты зақымданған. ТАСС агенттігінің дерегінше, жарылыс жүргізуші тежегішті басқан сәтте болған.

Ресей Тергеу комитеті қылмыстың бірнеше нұсқасын қарастырып жатқанын мәлімдеді.


«Нұсқалардың бірі – қылмыстың украиналық арнайы қызметтер тарапынан ұйымдастырылуы», –


 делінген ресми хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиға орнында криминалистер жұмыс істеп жатыр. Бірқатар сараптама, соның ішінде - техникалық зерттеу тағайындалды. Тергеу барысында Ясеневый көшесіндегі бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріліп, жарылғыш затты кім және қалай орнатқаны анықталуда.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары