Malim.kz
Қоғам

Ұлдана Мырзуан ісі: айыпталушы куәгерден күдіктіге айналды

Айбын Атабай
Фото: видеодан скрин

Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта айыпталушы Сәуле Жұбаниязова өзіне тағылған айыпқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша Сәуле Жұбаниязова — қайғылы оқиға болған тұрғын үйдің мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) төрайымы.

Сотта сөз сөйлеген Жұбаниязова бастапқыда куәгер ретінде танылғанын, кейін күдіктіге айналғанын түсінбейтінін айтты.

«Мені куәгерден күдікті еткеніне әлі күнге дейін таң қалып отырмын. Қаржы жетіспеушілігінен толық дайындалуға немесе адвокат табуға мүмкіндігім болмады. Мен жалғызбасты анамын, екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырмын және өз үйім жоқ. Қазір алаңдаушылық білдірген адамдар маған қаражат жинауға көмектесіп жатыр», – деді ол көзіне жас алып.

Айыпталушының айтуынша, ол МИБ төрайымы қызметіне оқиғаға дейін небәрі алты ай бұрын келген. Осы уақыт ішінде тұрғын үйге қатысты қандай да бір мәселені байқамағанын жеткізді.

Жұбаниязова 2016 жылы ғимараттың бұрынғы басшылығы оған нысанның шамамен 30%-ы қауіпсіз емес екенін көрсететін құжаттарды ұсынбағанын мәлімдеді.

Ол сондай-ақ ғимараттың қасбетін толық тексеру қомақты қаражатты қажет ететінін айтты.

«Қасбетті тексеру 5-тен 10 миллион теңгеге дейін тұрады. Бірақ түсінесіз бе, қасбетке қарасаңыз, бәрі жақсы көрінеді. Ішінде не болып жатқанын қайдан білдім? Бұл – жасырын құрылыс ақаулары», – деді Сәуле Жұбаниязова.

Сотта Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты істің мән-жайы мен айыпталушының жауапкершілігіне қатысты мәселелер қаралып жатыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары