Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. 20 тамыздағы процесте айыпталушының жаңа қорғаушысы судьяға қарсылық білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Адвокат не деді?
Сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязованың жаңа адвокаты Меруерт Абаева қорғауға кіріскеніне бір күн ғана болғанын айтты. Осыған байланысты ол қылмыстық іс материалдарымен толық танысуға үлгермегенін жеткізді.
Адвокаттың сөзінше, істің материалдарын зерделеуге уақыттың жетіспеуі оның қорғаушы ретіндегі мүмкіндіктерін шектеп, айыпталушының құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін. Осы негізде ол судьяға қарсылық білдіру туралы өтініш түсірді.
Осыдан кейін сот отырысында үзіліс жарияланды. Судьяға қатысты қарсылық туралы өтінішті басқа судья қарады.
Алайда сот адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады. Соттың пікірінше, қарсылық білдіруге жеткілікті негіз жоқ, ал келтірілген уәждер субъективті сипатта.
Сәуле Жұбаниязоваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша — адам өліміне және басқа да ауыр зардаптарға әкеп соққан міндеттерді тиісінше орындамады деген айып тағылып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін сот 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша күйеуі Әділет Зейнелдің өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан болатын.
Айта кетейік, Ұлдана Мырзуанның өмірден өткеніне 8 ай болғанда күйеуі Әділет Зейнел үйленіп алған болатын. Оның бұл әрекеті қыздың туыстары тарапынан наразылыққа ұшыраған еді.
Қайғылы оқиға қалай болды?
2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған еді.
Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан жеткен. Ол зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге ұмтылған кезде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген.
Оқиға салдарынан бес адам түрлі деңгейде жарақат алды.
Ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер он күн бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлер бақылауында болды. Алайда медицина мамандарының барлық күш-жігеріне қарамастан, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 18 қарашада қайтыс болды.
Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм фельдшердің ерлігін жоғары бағалап, Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Кейін Астанадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына Ұлдана Мырзуанның есімі берілді. Бұл — жас маманның қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен кәсібіне деген адалдығына көрсетілген құрмет.
Ал 2026 жылғы ақпанда Ұлдананың жұбайы Әділет Зейнел әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм жарын әлі де сағынатынын жазған. Ол түсінде Ұлданамен кездескенін айтып, жүрек тебірентерлік естелігімен бөліскен.
Енді жас фельдшердің өліміне байланысты қылмыстық істің сотта қандай шешіммен аяқталатыны қоғам назарында.
Еске салсақ, бұған дейін былтыр күзде елордадағы тұрғын үйде кірпіш қаптамасының құлауы салдарынан мерт болған Ұлдана Мырзуанға қатысты істі сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлаған едік.