Malim.kz
Қоғам

"Ұлдарымның өлімін өзімнен көремін": Асанәлі Әшімовтің елге айтпаған құпиясы мәлім болды (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден. Суретте: Асанәлі Әшімов ұлдарымен

Қазақ КСР халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі туралы айтып берген еді. Есімі қазақ өнері тарихында алтын әріппен жазылған абыз актер ғұмырында талай қуаныш пен қиындықты бастан өткерген. Ол 1993 жылы жары Майрадан, ал 1999 жылы екі ұлы – Сағи мен Мәдиден айырылған, деп хабарлайды Malim.kz.

Асанәлі Әшімов бұл туралы 2023 жылы Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында әңгімелеп, басынан өткен ауыр сынақтарды еске алған.

Актердің айтуынша, жақындарынан айырылғаннан кейін өмір сүрудің өзі оңай болмаған. Ол сол кезеңде ішіндегі шерін жазу арқылы жеңілдетуге тырысқанын айтты.

"Өзім де таңғаламын. Кітап жаздым, оны роман етейін деп жазғаным жоқ. Майрамен (бірінші жұбайы) әңгімелесейін деп жаздым. Екіншісі – "Жан бөлек" деп балаларға арнап жаздым. Үйде есікті іліп алып, айқайлаған кезім болды. Тауға шығып алып, Майра деп айқайлайтынмын. Сондай әрекеттермен аман қалдық. Ауырдық, ауруханаға түстік. Жан бөлек болғаннан кейін, тірі адам тіршілігін жасайды екен. Қазір екінші өмір басталғандай. Адам тірі жүрсе, бәрін көре береді екенсің. Өмірім біркелкі өткен жоқ, жақсылық та, жамандық та болды", – деді Асанәлі Әшімов.

Актер өмірде тіл-көздің бар екеніне сенетінін жеткізді. Ол екі ұлының бірінен соң бірі қайтыс болуын да осы жағдаймен байланыстырғанын айтты.

"Тіл-көзге сенемін, тіпті көз жеткіздік десем болады. Менің жанұяма тіл тиді деп жаздым да. Екеуінің еш себепсіз қатар кетуінен солай ойладым", – деді ол.

Асанәлі Әшімов ұлы Мәдидің соңғы сәтінде жанында болғанын еске алды. Оның айтуынша, сол кезде баласының өзіне ұзақ қарағаны жүрегінде мәңгі қалып қойған.

"Біз атеист болып өстік қой. 70 жыл бізге Құдай жоқ деп үйретті. Бірақ екі балам кеткенде Құдайдың бар екенін сездім. Мәдиім ауырып жатқанда: "Аға, уайымдамаңыз, 20 күннен кейін шығамын", – деді. Одан 20 күн өткен соң, жағдайы ауырлады. "Балам-ау, мынау не?" дегенде, "Жай әшейін" деп мені тыныштандырды. Ең соңғы тілі байланып жатқанда маған ұзақ қарады. Сонда: "Аға, сіз құдіретті едіңіз, мені құтқару қолыңыздан келмеді ме?" дегендей болды. Маған Құдайдай сенгені ғой. Ал Сағи аяқ астынан кетті. Бөлек тұратын. Үйге келіп қонып, апаммен екі сағат сөйлесіп, ваннаға ұзақ түсті. Залға жатайын деп төсек салып, жатып қалды. Содан таңертең тұрмай қалды ғой. Мәдиім екі айдай ауырды. Аралары 1,5 жас еді, біреуі жылдың басында, біреуі соңында кетті. Обал болды", – деген еді өнер иесі.

Актер қос ұлының өлімі үшін өзін де кінәлайтынын айтты. Оның сөзінше, кейде бұл сынақты өмірдегі кейбір қателіктерінің өтеуі сияқты қабылдайды.

"Кейбір жасаған күнәларым үшін Жаратушы солай жазалады" деп ойлайды. "Кейде өзімнен көремін. Даңдайсып кетіп қалған кездеріміз болды. Алла Тағала кішкене қағып жіберді ма деймін. Атақ-абыройлар көтеріп жіберген кездер болды. “Мә саған” деп көрсетейін деп төбемнен бір-ақ ұрғандай", – деді Асанәлі Әшімов.

Еске сала кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Сондай-ақ Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында актердің күнделік кітабына қатысты жазба жариялаған еді.

Асанәлі Әшімов кім?

Асанәлі Әшімов – қазақ киносы мен театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті актер, режиссер, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі. Ол 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген. 1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша білім алды.

Өнер жолын "Қазақфильм" киностудиясынан бастаған Асанәлі Әшімов кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен тығыз байланыста еңбек етті. 1963 жылдан бастап осы театр сахнасында актер әрі режиссер ретінде ұзақ жыл қызмет атқарып, қазақ көрерменінің жадында қалған көптеген бейнені сомдады.

Асанәлі Әшімов ұлттық кино мен театр өнерін биік деңгейге көтерген бірегей тұлғалардың бірі саналады. Оның шығармашылық жолы қазақ мәдениетінің тұтас бір дәуірімен сабақтас. Сахнада да, экранда да шынайы болмысымен, терең мінезімен және актерлік шеберлігімен ерекшеленген өнер иесі халық арасында қазақ өнерінің абызы атанды.

Өнердегі ерен еңбегі үшін Асанәлі Әшімов көптеген мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болды. 1973 жылы "Атаманның ақыры" фильміндегі рөлі үшін Күләш Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. 1974 жылы театр өнеріндегі еңбегі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.

1978 жылы оған Қазақ КСР халық әртісі атағы берілді. Ал 1980 жылы КСРО халық әртісі атанды. 2000 жылы "Тарлан" тәуелсіз сыйлығының иегері болды. 2001 жылы "Отан" орденімен, 2007 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды.

Сонымен қатар 2002 жылы Жамбыл облысының құрметті азаматы атанды. 2003 жылы "Қазақы оқиға" фильміндегі рөлі үшін "Шәкен жұлдыздары" кинофестивалінің лауреаты болды. 2007 жылы әлемдік кино өнеріне қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық академиясының "Алтын қыран" орденімен марапатталды.

Асанәлі Әшімовтің есімі қазақ өнері тарихында биік талғамның, актерлік шеберліктің және өнерге адалдықтың символы ретінде сақталады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары