Malim.kz
Қоғам

"Үлгермей жатсақ..." – Дубайда қалып қалған әнші Жазира Байырбекованы ұшаққа мінгізбей қойған (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Белгілі әншілер Жанболат пен Жазира Байырбекова Қазақстанға жіберілген арнайы ұшаққа міне алмай қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Жазира Байырбекованың айтуынша, арнайы ұйымдастырылған рейстерге алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар отырғызылып жатыр. Яғни аяғы ауыр әйелдер, I-II топтағы мүгедектігі бар адамдар, 5 жасқа дейінгі балалар және қарт кісілерге басымдық беріледі.

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында елдегі жанкүйерлеріне түсініктеме беріп, жағдайларын сұрап жатқан адамдарға алғыс білдірді.

"Құрметті отандастар! Біздің амандығымызды тілеп, хабарласып жатқан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамыз. Direct пен WhatsApp арқылы келген көптеген сұрақтарға жауап ретінде қысқа ғана сторис жариялаған едім. Алайда сол видео түрлі әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарына тарап кетіпті. Ешкімді алаңдату ниетіміз болған жоқ", – деді Жазира Байырбекова.

Әншінің айтуынша, қазіргі уақытта олар Оманның Маскат қаласына өткен. Елшілік өкілдері Қазақстанға ұйымдастырылып жатқан арнайы рейстерге жоғарыда аталған санаттағы азаматтар ғана бірінші кезекте отырғызылатынын түсіндірген.

"Біз алты адамбыз және бұл санатқа кірмейміз. Сондықтан әзірге өзге елдер арқылы Қазақстанға ұшудың мүмкіндігін күтіп отырмыз", – деді әнші.

Сондай-ақ Жазира Байырбекова Қазақстанда жоспарланған концерттердің уақытша кейінге шегерілгенін айтты.

"Елімізде жоспарланған мемлекеттік және жеке концерттерімізге билет алып қойған көрермендерден кешірім сұраймыз. Егер уақытында үлгермей жатсақ, аман-есен елге жеткен соң концерттердің күнін кейінге ауыстырамыз. Бізге тілеген жақсы тілектеріңіз өздеріңізге де қайтсын. Жақсылықта кездескенше", – деп жазды ол.

Айта кету керек, Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекова – қазақ эстрадасындағы ең танымал әрі үлгілі отбасылық дуэттердің бірі. Өнер жолын студенттік кезеңнен бастап бірге жалғаған жұп талай сынақтан өтіп, бүгінде халықтың ықыласына бөленген, сахнада да, өмірде де жарасым тапқан өнер иелері ретінде белгілі.

Бұған дейін танымал әнші Кенжебек Жанәбіловтің жұбайы Жәмила Төлегенова әлеуметтік желідегі парақшасында өнердегі жұлдызды жұп Жанболат пен Жазираның болашақ келіндерінің өздеріне қандай туыстық қатысы барын тарқатып айтқан еді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары