Болгариялық көріпкел Ванганың (Вангелия Пандева Гуштерова) болжамдары әлі күнге дейін қоғамда қызу пікірталас тудырып келеді. Бірі оны әлемдік деңгейдегі апаттарды алдын ала болжаған әулие деп санаса, енді бірі арнайы қызметтердің қолындағы құрал, қоғамға ықпал ету үшін пайдаланылған тұлға ретінде қарайды. Ванганың шынайы өмірі қандай болды, ол қай тұста қателесті, ал қай болжамдары расымен орындалды? Осы материалда біз миллиондаған адамның санасын әлі күнге дейін мазалайтын әйелдің тағдырына толық шолу жасадық, деп хабарлайды Malim.kz.
Ванга кім болған және тағдыры қалай қалыптасты?
Вангелия Пандева Гуштерова (қыз кезіндегі тегі – Сурчева) 1911 жылдың 31 қаңтарында Струмица қаласында (қазіргі Солтүстік Македония аумағы) кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Үш жасында анасынан айрылып, 1923 жылы отбасы қаржылық қиындықтарға байланысты Ново-Село ауылына көшеді.
12 жасында Ванганың өмірі күрт өзгереді. Үйіне қайтып келе жатқанда дауылға тап болып, жер мен бұтақтардың астында қалады. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмегендіктен, ол біртіндеп көз жанарынан айрылады.
Кейін Сербиядағы зағиптар үйінде үш жыл өмір сүріп, Брайль әліпбиімен оқып-жазуды, тұрмыстық дағдыларды меңгереді. Сол жерде тұрмысқа шығуды жоспарлағанымен, некесі жүзеге аспайды. Өгей анасы қайтыс болған соң, әкесінің үйіне оралып, бауырларына қарайласады.
1942 жылы болашақ жары – солдат Димитр Гуштеровке тұрмысқа шығып, Болгарияның Петрич қаласына көшеді. Отбасы өмірі ауыр болған: балалары болмады, күйеуі ішімдікке салынды, 42 жасында қайтыс болды. Кейін Ванга екі баланы – Димитр мен Виолеттаны асырап алған.
Ванга көріпкелдік қабілетке қалай ие болды?
Ванганың болжау қабілеті туралы әңгімелер Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тарай бастайды. Оның айтуынша, 1941 жылы өзіне "ақшыл шашты салт атты" аян беріп, болашақта көп адам қаза табатынын, ал өзі тірілер мен өлілер туралы хабар жеткізетінін айтқан.
Соғыста хабарсыз кеткен жақындарын іздеген адамдар Вангаға ағылып келе бастайды. 1942 жылы оның атағы Болгария патшасы Борис III-ке дейін жетіп, ол да Вангаға арнайы келген. Айтуларынша, Ванга патшаға жақын арада қайтыс болатынын болжаған, ал бір жылдан соң ол расымен дүние салады.
1967 жылы Ванга Болгарияның Суггестология институтына ресми түрде жұмысқа қабылданады. Осы кезден бастап қабылдау ақылы болған: социалистік ел азаматтары үшін 10 лев, шетелдіктер үшін 50 долларға дейін. Скептиктер Ванга арқылы мемлекет пен арнайы қызметтер де табыс тапқанын алға тартады.
Ванганың орындалған ең танымал болжамдары
Вангаға телінетін кейбір болжамдар қоғамда кең резонанс тудырды:
- "Курск" суасты қайығының апаты – 1980 жылы "Курск суға кетеді" деген сөз айтқан делінеді. 2000 жылы апат болды, 118 адам қаза тапты.
- 11 қыркүйек, 2001 жыл – "америкалық бауырларды темір құстар шоқиды" деген сөзі Нью-Йорктегі терактпен байланыстырылады.
- Диана ханшайымның өлімі – үйлену тойы күні айтылған "біз бірге өлеміз" деген сөзі кейін трагедиямен ұштастырылады.
- Кеннедидің өлтірілуі – ескерткен деген аңыз бар, бірақ нақты дәлел жоқ.
- КСРО-дағы қайта құру – 1979 жылғы "алты жылдан кейін әлем өзгереді" деген сөзі Горбачев билігімен байланыстырылды.
- Коронавирус пандемиясы – 1995 жылғы "өткеннен келген қауіпті ауру" сөзі COVID-19 деп түсіндіріледі.
Орындалмаған немесе даулы болжамдар
- 2010-2014 жылдары Үшінші дүниежүзілік соғыс басталады
- 2011 жылы Еуропада радиоактивті апат болады
- 2014 жылы тері ауруларының жаппай індеті тарайды
- 2016 жылға қарай Еуропа қаңырап қалады
- 2026 жылы жатжерліктер шабуыл жасайды (туыстары бұл 2196 жылға қатысты екенін айтады)
Неге адамдар Вангаға әлі де сенеді?
Клиникалық психолог Павел Бирюковтың айтуынша, адамдар болашақты болжауға тырысу арқылы хаосты бақылауда ұстағысы келеді. Бұл – "магиялық ойлау". Белгісіздік заманында көріпкелдер мен болжамдар психологиялық тірекке айналады.