Malim.kz
Саясат

Вице-президент – екінші президент емес: Қазақстандағы жаңа лауазымның нақты шегі қандай?

Мадияр Қапанбек
Ерлан Қарин. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Қазақстанда вице-президент институтының қайта пайда болуы мемлекеттік басқаруда жаңа саяси буын қалыптастырды. 31 тамызда бұл қызметке Ерлан Қарин тағайындалды. Алайда лауазым атауына қарап, вице-президентті Президенттен кейін елді күнделікті басқаратын "екінші адам" деп түсіну дұрыс емес, деп хабарлайды Malim.kz.

Жаңа Конституция мен конституциялық заңда оның міндеттері нақты шектелген. Вице-президенттің негізгі қызметі – жеке саяси бағыт жүргізу емес, Мемлекет басшысының тапсырмаларын мемлекеттік биліктің түрлі институттарымен жұмыс барысында жүзеге асыру.

Вице-президент өз бетінше шешім қабылдай ала ма?

Қазақстан Конституциясының 49-бабына сәйкес, вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді. Бұдан бөлек, Президент оған қосымша өкілеттіктер бере алады.

Бұл жерде "Президенттің тапсырмасы бойынша" деген тұжырым маңызды. Яғни вице-президент Конституцияда белгіленген шеңберден тыс өз бетінше жаңа мемлекеттік саясат жариялап, Үкіметке жеке тапсырмалар бере алмайды.

Мәселен, Мемлекет басшысы белгілі бір реформаны жүзеге асыру кезінде Құрылтай мен Үкімет арасындағы жұмысты үйлестіруді вице-президентке тапсыруы мүмкін. Мұндай жағдайда ол Президенттің атынан келіссөз жүргізіп, мемлекеттік органдардың өзара әрекетін қамтамасыз етеді.

Бірақ бұл вице-президенттің Үкімет басшысының міндетін атқаратынын білдірмейді.

Ол Премьер-министрдің үстінен қарай ма?

Жоқ. Вице-президент пен Премьер-министрдің қызметтік міндеттері екі бөлек.

Премьер-министр Үкіметті басқарады және атқарушы биліктің күнделікті жұмысына жауап береді. Министрліктердің қызметін ұйымдастыру, Үкімет шешімдерінің орындалуы және экономикалық-әлеуметтік саясаттың жүзеге асырылуы Премьер-министр басқаратын атқарушы биліктің құзыретіне жатады.

Ал вице-президент Үкіметті басқармайды. Оның Үкіметпен байланысы Президент берген тапсырмаларға тәуелді.

Сондықтан жаңа лауазымды "Премьер-министрден жоғары тұрған Үкімет басшысы" ретінде қарастыруға болмайды. Керісінше, ол Президент пен мемлекеттік институттар арасындағы саяси байланысты қамтамасыз ететін қызметке жақын.

Құрылтай вице-президентті өзі сайламайды

Вице-президентті тағайындау тәртібі де президенттік немесе депутаттық сайлаудан өзгеше.

Конституция бойынша кандидатураны Президент ұсынады. Бірақ Мемлекет басшысы оны бірден тағайындай алмайды. Ол үшін Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен берілген келісімі қажет. Құрылтай қолдағаннан кейін ғана Президент тиісті шешім қабылдайды.

"Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Конституциялық заңда вице-президентке қойылатын талаптар да көрсетілген. Бұл лауазымға тумысынан Қазақстан азаматы саналатын, кемінде 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, елде соңғы 15 жыл тұрақты тұрған және жоғары білімі бар азамат тағайындала алады.

Вице-президент партияға мүше бола алмайды

Жаңа лауазымға бірқатар саяси және экономикалық шектеу қойылған.

Конституцияның 49-бабына сәйкес, вице-президент қызметте жүрген кезде өкілді органның депутаты бола алмайды. Сонымен қатар оған өзге ақы төленетін қызмет атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партия мүшесі болуға тыйым салынады.

Бұл талаптың саяси мағынасы бар. Вице-президент белгілі бір партияның мүддесін емес, Президент тапсырмасы аясында жалпы мемлекеттік институттармен жұмыс істеуге тиіс. Яғни бұл қызмет партиялық қызметпен қатар алып жүруге болатын саяси лауазым емес.

Вице-президенттің нақты ықпалы қалай анықталады?

Заң вице-президент қызметінің жалпы шекарасын белгілейді. Бірақ оның күнделікті жұмыста қандай мәселелерге көбірек араласатыны Президенттің шешімдеріне байланысты болады.

Себебі Конституция Мемлекет басшысына вице-президенттің өзге де өкілеттіктерін айқындауға мүмкіндік береді.

Президент Әкімшілігі туралы ережеде де Әкімшіліктің міндеттерінің бірі ретінде вице-президент қызметін қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл жаңа институттың Президенттің басқару жүйесімен тікелей байланысты жұмыс істейтінін көрсетеді. Сондықтан алдағы уақытта вице-президенттің саяси жүйедегі нақты орны оның қандай тапсырмаларға жауап беретініне қарай айқынырақ көріне бастайды.

Қазір заңнан анық байқалатын үш ерекшелік бар: вице-президент Президенттің атынан мемлекеттік органдармен жұмыс істейді, Үкіметті басқармайды және төтенше жағдайда билік сабақтастығын қамтамасыз ететін алғашқы лауазымды тұлға саналады. Яғни Қазақстандағы вице-президент – "екінші президент" емес. Бірақ мемлекетті басқару жүйесінде Президентке ең жақын және ерекше жағдайда оның конституциялық өкілеттігін бірінші болып қабылдайтын саяси лауазым.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары