Жамбыл облысында алаяқтық жасаған ерлі-зайыпты сотталды, - деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz cайтына сілтеп.
17 ақпанда Байзақ аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1), 4) тармақтары бойынша өңірдің екі тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады.
Прокуратура мәліметінше, сотталушылар 2024 жылғы желтоқсаннан бастап алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз пайда табу мақсатында WhatsApp мессенджерінде ыдыс-аяқ және өзге де тұрмыстық тауарларды төмендетілген бағамен сату туралы хабарландырулар жариялаған.
"Заңды қызмет көрінісін жасап, сатып алушылардың сеніміне кіру үшін алғашқы клиенттерге тауарларды нақты жеткізген. Кейіннен басқа азаматтардан тапсырыс қабылдап, ақшалай қаражатты алғанымен, тауарларды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындамаған, алынған қаражатты өз қалауларынша пайдаланған", - делінген хабарламада.
Қылмыстық әрекеттер салдарынан 112 адам зардап шегіп, оларға жалпы сомасы 51 288 146 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сот талқылауы барысында сотталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін білдірді.
Сот үкімі бойынша, күйеуі 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылса, жұбайы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.